Алматыдағы кептелісті азайту үшін қоғамдық көлікті дамыту маңызды - автосарапшы

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды алдағы 5 жылда қала халқының 65 пайызы қоғамдық көлікпен қатынайтынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бір автобустың өзі кем дегенде 30 жеке автомобильді алмастырады. Сондықтан Алматыдағы кептелісті азайту үшін қоғамдық көлікті дамыту маңызды». Автосарапшылар осындай пікір айтты. Ал қала әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағытта кешенді жұмыс әлдеқашан басталып кеткенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды алдағы 5 жылда қала халқының 65 пайызы қоғамдық көлікпен қатынайтынын айтты. Шаһар басшысының айтуынша, кешенді жұмыс атқарылып жатыр. Мегаполис әкімінің сөзінше, жоба шеңберінде үш жаңа автобус паркін салу ісі қолға алынған. Сондай-ақ қоғамдық көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі мен демалысын қамтамасыз ету үшін 20 тұрақ құрылады. Қолайлы жағдай жасалған соң, азаматтар жеке автомобильдерінен түсіп, қоғамдық көлікпен қатынауды әдетке айналдырады. Ал мұның бәрі қала халқын мезі еткен кептелісті азайтуға сеп болмақ.

«2025 жылы жолаушылар ағыны 33 пайыз өсіп, күніне 1,6 миллион транзакцияға жетті. Биыл 940 газбен жүретін автобус және 153 электробус сатып алынды. Бұл қаладағы қоғамдық көлік паркін едәуір жаңартып, қала экологиясын жақсартуға үлесін қосады», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды

Келер жылы «Қалқаман» метро бекетіндегі шаруа аяқталып, халық игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Ал алдағы 3 жылда жерасты көлігі «Барлық» базарына дейін жетпек. Сондай-ақ «Жібек жолы» бекетінен әуежайға дейінгі 14 шақырымды қамтитын екінші желінің жобасы әзірленіп жатыр. Одан бөлек, кептелісті азайту үшін БРТ жүйесін дамыту жолға қойылған.

 «Біз қаланы көліктер үшін емес, адамдар үшін салуымыз керек. Біздің қағидат – осы. Шетелдік әріптестеріміз «жол сала берсең, көлік те көбейе береді» дейді. Сондықтан қазір БРТ желісін салуды мықтап қолға алдық. Нәтижесінде, қоғамдық көлікпен жүру тиімділігі артады. Сәйкесінше, жеке автомобильдер азайып, кептеліс те, экология мәселесін де шешуге септеседі», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Ал автосарапшы Олжас Оқастың айтуынша, кептелісті азайту үшін полиорталықтарды дамыту маңызды. Оның нәтижесінде тарихи орталыққа түсетін жүктеме азайып, барлық ауданда өмір сүру сапасы артады.

«Полицентрлерді дамыту керек. Түрксіб ауданында немесе Алатау ауданында тұртын азамат бір қызық дүние үшін қаланың қақ ортасына – Абай-Достық қиылысына келмеуі керек. Сол жерде тұратын азаматтың көңіл көтеру орталықтары, мәдени орталықтары сол маңайда болуы тиіс. Сол кезде қала комплексті дамиды», – деді автосарапшы Олжас Оқас.

Қала әкімінің айтуынша, полиорталықтарды дамыту тұжырымдамасын халықаралық сарапшылар әзірлеген.

Дархан Сатыбалды «Шығыс қақпасы» мен «Батыс» полиорталықтарын қалыптастыру маңызды» дейді. Бұл аумақтарда ойын-сауық паркі, Алматы су арнасы, Almaty AI Park, EXPO орталығы, жаңа стадион және басқа да нысандар салу жоспарланған.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда алдағы бес жылда өнім көлемін 70 триллион теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр

Новости партнеров