Алматыда алименттен жалтарған такси жүргізушілерінің табысы бақылауға алынады

05.02.2026 21:15

Қалалық Прокуратура мен такси қызметін көрсететін ірі цифрлық платформа ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Алматыда алименттен жалтарған такси жүргізушілерінің табысы қатаң бақылауға алынады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалалық Прокуратура мен такси қызметін көрсететін ірі цифрлық платформа ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, ресми түрде жұмыссыз, алайда іс жүзіне келгенде онлайн сервис арқылы табыс тауып, бірақ алимент төлеуден қашып жүргендер көп анықталған.

 «Келісім жүйелі және заңды ақпараттық өзара іс-қимылды, жедел мәлімет алмасуды, сондай-ақ кірістерді жасыру және алименттік берешектің пайда болу фактілерін анықтауға және жолын кесуге жәрдемдесуді көздейді. Аталған меморандум балалар құқықтарын қорғауға және мемлекет пен әлеуметтік жауапты бизнестің өзара іс-қимылы негізінде алименттік міндеттемелерді орындаудың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Алматы қалалық прокуратурасының ресми өкілі Райымбек Шәріпбаев.

Прокуратураның мәліметінше, былтыр 110 факті анықталған. Оның ішінде 57 адамға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, ал 10 жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Енді екіжақты ынтымақтастық жүйелі әрі заңды ақпарат алмасуды, жедел дерек бөлісуді, сондай-ақ алимент бойынша берешекті жасыру және  алдын алу шараларын көздейді.

Оқи отырыңыз: Елімізде электр қуаты ел ішінде өндіріледі

Теги: алимент