Алматыда ат спорты танымал бола бастады

Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі
Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазақстанда ұлттық ат спортының 11 түрі бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттық ат спорты ауыл арасындағы ойыннан бара-бара кәсіби индустрияға айналып келеді. Қалада клубтар ашылып, жарыс өтіп, жастар техника мен мәдениетті қатар ұштастыратын дәстүрлі спортқа көптеп келе бастапты,  деп хабарлайды Almaty.tv

Алматы қалалық ұлттық және ат спорты түрлері клубының жетекшісі Нұрлан Оспанов:

«Қазақстанда ұлттық ат спортының 11 түрі бар. Олардың қатарында асық ату, аударыспақ, бәйге, теңге ілу, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, жамбы ату да бар. Алматыдағы біздің клубта спорттың осы  түрімен 1490 спортшы айналысады қазір. Ең жақсы дамып жатқан түрлері — асық ату, тоғызқұмалақ пен қазақша күрес»,- деп толықтырды әңгімені.

Бұл спортта жастарға көп көңіл бөлген. Аударыспақ пен теңге ілу бойынша аға жаттықтырушы Асхат Рысов былай дейді:

«Қазір біздің президент ұлттық ат спорты түрлеріне ерекше көңіл бөліп жатыр. Бізде бастапқы дайындық тобы бар, бұлар 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Одан кейін 17–21 жастағы жастар, 21 жастан асқандары ересектер санатына жатады»

Жаттықтырушының айтуынша, клубқа көбіне аттың құлағындай ойнайтын, жастайынан көкпар тартып өскен ауылдың балалары келеді екен. Орталықта ол балаларды баулып, шеберлігін одан әрі жетілдіре түсуге барын салады.  

Жас шабандоздар үшін ат спорты — мәдени бірегейліктің бір бөлігі. Алматы спортшылары республикалық және халықаралық ареналарда жетістікке жетіп, қалада тұрып та көкпар тартуға болатынын іспен дәлелдеп жүр.   

Аударыспақ спортшысы Диас Доғдырбай:

«Қазір көптеген чемпионаттар өтіп жатыр, бәріне қатысқымыз келеді. Себебі жарысқа қатысқан сайын клуб та өседі, өзің де жаттығасың. Қанша жаттықсаң да, егер жарысқа шықпасаң — ешқашан дамымайсың. Сондықтан біз күніне екі рет жаттығамыз»,- дейді.

Алматыда қазір ат спортына қызығатындардың саны артып, клубтар ашылып, жастар да оған көптеп келе бастаған. Қала бұдан ұлттық ат спортын дамытып жатқан үлкен орталықтың біріне айналуы бек мүмкін болашақта.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 16 мыңнан астам ұлттық спорт үйірмесі жұмыс істейді

Новости партнеров