Терроризмге қарсы күрес: ҰҚК 17 адамға қатысты үкім шыққанын мәлімдеді

Бірнеше өңірде лаңкестік қылмыс жасаған 6 діни радикал ұсталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл нәтижелері туралы мәлімет таратты,  деп хабарлайды Almaty.tv.

Ведомствоның хабарлауынша, жыл басынан бері тергеп-тексерілген қылмыстық істер аясында террористік және экстремистік құқықбұзушылықтар жасаған 17 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Олардың қатарында Алматы қаласының тұрғыны да бар. Ол 2017 жылы шетелге кетіп, халықаралық террористік ұйымдар жағында қарулы қақтығыстарға қатысқан. 2025 жылы шетелдік серіктестермен бірлескен операция барысында ұсталып, Қазақстанға жеткізілген. Сот шешімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тағы бір іс бойынша Көкшетау қаласының тұрғыны 2013 жылдан бері шетелде жүріп, интернет арқылы терроризм мен діни экстремизмді насихаттаған. Шетелдік арнайы қызметтермен бірлескен операция нәтижесінде ол да ұсталып, елге қайтарылды. Сот оны 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

"Сонымен қатар осы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысы мен Ұлытау облысы аумақтарында террористік қылмыс жасаған 6 діни радикал ұсталған", - делінген ҰҚК хабарламасында.

Бұдан бөлек, жазасын өтеу орындарында отырған тағы 4 адамға сотталғандар арасында терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру деректері бойынша айып тағылды. Тергеу мәліметінше, олар интернетте және өз ортасында экстремистік материалдар таратып, өз көзқарастарын қолдамайтындарға күш қолдануға шақырған.

Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 174 және 256-баптары аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Оқи отырыңыз: Алимент төлемегендерге жаза күшейді: Алматыда 400 млн теңге өндірілді

Новости партнеров