Алматыда аумақтық қорғаныс бригадасының оқу-жаттығуы басталды

Алдағы 10 күнде әскери техника қозғалысы артады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы көшелерінде алдағы 10 күнде әскери техника мен жеке құрамның қозғалысы байқалуы мүмкін. Себебі шаһарда аумақтық қорғаныс бригадасының жоспарлы оқу-жаттығу жиыны басталды,  деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дайындыққа әскери міндеттілер қатарындағы 110 азамат қатысып, дене даярлығынан өтеді.

Сондай-ақ маңызды нысандарды күзету және төтенше жағдайда жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіреді.

Оқу-жаттығуды сәтті аяқтаған азаматтарға белгіленген тәртіпке сәйкес кезекті әскери шен беріледі.

«Әскери жиын өткізудің ең басты мақсаты – күзет пен қорғау міндеттерін пысықтау, Алматы аумақтық қорғаныс бригадасына бекітілген нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол себепті осы 10 күндік жиын барысында әскери қызметшілер, офицерлер және запастағы сержанттар кәсіби біліктілігін арттыру үшін жауынгерлік және дене даярлығы бойынша сынақтар тапсырады», – деді аумақтық қорғаныс бригадасы командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары Демежан Дәлелханұлы.

«Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі әскери кафедра мен әскери институтта алған мамандығымыз бойынша білімімізді жетілдіруіміз керек. Оны жыл сайын дамытып, кәсіби деңгейімізді арттырып отыру қажет», – деді запастағы аға лейтенант Сұлтан Төлеу.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда МӘМС қаражатын бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі