Алматыда автокөлік жуу орталықтарында суды үнемдеу талабы күшейді
Әуезов ауданында 60 автокөлік жуу орталығы жұмыс істейді
«Судың да сұрауы бар». Алматыда автокөлік жуу орталықтарында табиғи ресурсты үнемдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қаладағы мұндай орындардың басым бөлігі суды қайта пайдалану жүйесін орнатқанымен, әлі де талапқа сай жабдықталмаған нысандар бар. Оларға қатысты бақылау күшейіп келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Әуезов ауданында 60 автокөлік жуу орталығы жұмыс істейді. Олардың қатарында өзіне-өзі қызмет көрсету орындары мен тәулік бойы жұмыс істейтін нысандар да бар. Алайда шамамен 10 орталық әлі күнге дейін суды қайта пайдалану жүйесін орнатпаған. «Алматы Су» мамандары мұндай нысандарға ай сайын тексеріс жүргізіп, су тұтыну талаптарының сақталуын қадағалайды.
"Қайта-қайта ескертулер берілді. Осы күнге дейін орындалмағаны үшін рейдтік іс-шарамен шетінен өшіріп жатырмыз", - деді «Алматы Су» МКК Әуезов ауданы бойынша бөлім басшысы Гүлбану Мұқанова.
Жалпы қала бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде «Алматы Су» мекемесімен тікелей келісімшарты бар 410 орталықтың 288-і, яғни 70,2 пайызы суды қайта пайдалану жүйесімен жабдықталған. Дегенмен қалған кәсіпкерлер де тіршілік көзін үнемдеу технологияларына көшуге міндеттеліп отыр.
"Қазір талаптардың орындалуын бақылаудың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Жыл соңына дейін заңнама талаптарына сәйкес келмейтін барлық автокөлік жуу орталықтарын сумен жабдықтау жүйесінен ажырату жоспарланып отыр", - деді «Алматы Су» МКК департамент директоры Серік Шағыров.
Мемлекет басшысы да ауызсуды мақсатсыз пайдалануға жол бермеу қажет екенін атап өткен. Осыған байланысты қала әкімінің тікелей тапсырмасы аясында автокөлік жуу орталықтарында су тұтынуды бақылау күшейтіліп, үнемдеу жүйелерін енгізу жұмыстары жалғаса бермек.
Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Алматының үш туристік нысаны әлемдік үздіктер қатарына енді