Олар 64 жастағы әйел мен оның екі немересін құтқарып қалған
Қазақстан ТЖМ басшылығы өз өмірін қатерге тігіп, адамдарды өртеніп жатқан үйден құтқарған екі студенттің батылдығы мен жанқиярлығын атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтың бұйрығымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері – 20 жастағы Ернар тұрсын және 22 жастағы Нұрасыл Әлімтаев «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медальдарымен марапатталды. Жастар көрсеткен ерлік пен батылдық - олардың азаматтық жауапкершілігінің жарқын үлгісі», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, 2 наурызда түнде үйлеріне келе жатқан Ернар мен Нұрасыл жанып жатқан ғимаратты байқайды. Жетісу ауданында бөлмелерін және шатыры өртеніп жатқан жекеменшік тұрғын үйдің ішінен көмек сұраған дауыстарды естіген жастар бұл оқиға туралы 112 қызметіне жедел хабарлайды да, қатты түтін мен қауіп-қатерге қарамастан, жанып жатқан үйге жүгіреді.
Олардың шешуші әрекеттерінің арқасында 64 жастағы әйел, 17 жастағы жасөспірім және 6 жасар қыз құтқарылды. Адамдардың қауіпсіз екенін түсінген студенттер өртті өз бетінше сөндіруге тырысты, бірақ қатты түтін мен жоғары температура оларға өртті жеңуге мүмкіндік бермеді.
Төтенше жағдайлар департаментіндегі марапаттау рәсімі кезінде құтқарылған әйел жас жігіттердің ерлігіне басын иіп, құрмет көрсетті.
«Олар болмаса, мен бұл жерде тұрмас едім, сендерге аналық тағзым білдіремін!» – деді құтқарылған.
Әйел сол түні қатты күйік иісінен оянғанын айтады, сол күні үйінде күйеуі мен екі немересі де болған екен.
"Оянсам, үйім шатырлап жанып жатыр екен. Жан-жаққа жүгіріп, есімнен танып қала жаздадым. Кенет әлдекімдердің дауысын естідім де, айқайлап көмекке шақыра бастадым. Олар алдымен екі немеремді, сосын мені шығарып алды. Тіпті күрте, аяқ киім әкеліп, денсаулығымды сұрады", - деп есіне алады әйел.
Оқи отырыңыз: Шам жағып отырмыз: жарықсыз, сусыз отырған артыраулықтар төлеген қаржы есебін сұрады