Алматыда екі мыңға жуық отбасы баспаналы болады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Алматы қаласында әкімдік банкке сегіз тұрғын үй кешенінен 816 пәтер тапсырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жақын арада Алматыдағы екі мыңға жуық отбасы жалға берілетін тұрғын үйге қол жеткізеді. Сонымен қатар төрт мыңға жуық жас маман «Алматы жастары» бағдарламасына қатысуға мақұлдау алды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық бөлімшесі директорының орынбасары Кәмшат Оңалбаева осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Оның айтуынша, ұлттық даму институты мәртебесін алған бір жылдың ішінде «Отбасы банк» мемлекеттік тұрғын үйді бөлу жүйесін толық жаңартқан. Банк ел бойынша тұрғын үй кезегін біріктіріп, оларды түгендеп, пәтерлерді бірыңғай әрі ашық қағида негізінде автоматты түрде бөлетін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесін іске қосыпты.

«Жаңа жүйенің басты мақсаты – тұрғын үйді бөлуді барынша ашық әрі әділ ету. Қазір пәтер адам факторына емес, кезекке қойылған күні мен азаматтың басымдық санатына қарай автоматты түрде бөлінеді. Цифрланудың арқасында жыл сайын бөлінетін тұрғын үй көлемін үш есеге жуық арттыра алдық», – деп толықтырды сөзін Кәмшат Оңалбаева.

Өткен жылдың қазан айынан биылғы маусымға дейін «Отбасы банк» республика бойынша 22 856 пәтерді бөлді. Жалпы алғанда, әкімдіктер банкке 29 268 тұрғын үй тапсырған. Оның 17 985-і жалға берілетін тұрғын үй болса, 11 283-і 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы берілетін үй екен.

Алматы қаласында әкімдік банкке сегіз тұрғын үй кешенінен 816 пәтер тапсырды. Бүгінде 516 кезекте тұрған азаматпен жалдау шарты жасалды, қалғаны қазір осыған қажетті құжатты рәсімдеп жатыр.

Спикердің айтуынша, жаңа қоныстанушылардың арасында екі жасынан бастап жетім бала ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған 19 жастағы алматылық азамат та бар екен. Сондай-ақ былтыр ғана жеке санат ретінде енгізілген «жесірлер» санатындағы 64 адам алғаш рет баспаналы болды. Бұдан бөлек, 166 жетім бала, 176 мүгедектігі бар азамат, 249 көпбалалы және толық емес отбасы, сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған 135 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

«Әр санның артында адам тағдыры тұр. Мысалы, екі жасынан бастап жеке баспанасын күткен жас жігіт бүгін өз үйіне қол жеткізді. Осындай оқиғалар үшін жаңа тұрғын үй бөлу жүйесі құрылып отыр», – деді Кәмшат Оңалбаева.

Жақын уақытта Алматы әкімдігі «Отбасы банкке» тағы жалға берілетін 1 971 пәтерді тапсырады. Оның ішінде 1 595 пәтер әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, 376 пәтер қалған кезекте тұрған азаматтарға арналған.

Баспасөз конференциясында биыл 10 жылдығын атап өтіп жатқан «Алматы жастары» бағдарламасы туралы да айтылды. Осы уақыт ішінде 8 326 жас алматылық тұрғын үй жағдайын жақсартып, берілген жеңілдетілген несиенің жалпы көлемі 179,2 млрд теңгеге жетті.

Биыл бағдарламаға қатысуға 5 363 адам өтініш берген. Құжатты тексеру нәтижесінде 3 968 жас маман мақұлдау алды. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, журналистер, коммуналдық қызметкерлер, мәдениет саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен басқа да сұранысқа ие мамандықтың иесі бар.

Бағдарлама бойынша ең жоғары несие сомасы – 20 млн теңге. Бастапқы жарна – 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз. Сатып алынатын тұрғын үйдің құнына шектеу қойылмайды. Несие сомасы мен пәтер бағасының айырмасын қатысушы өзі төлейді. Бағдарлама арқылы қайталама нарықтан тұрғын үйді де, сондай-ақ Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі болған жағдайда дайын немесе салынып жатқан үйден пәтер сатып алуға болады.

«Алматы жастары» бағдарламасы он жыл ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Алғашқы жылы бағдарламаға небәрі 100 адам қатысса, өткен жылы жеңілдетілген несие алған жас мамандар саны 2 276-ға жетті. Бағдарламаның сұранысқа ие екенін көріп отырмыз. Сондықтан оның мүмкіндігін кеңейтіп, жастардың тұрғын үй мәселесін қолжетімді шартпен шешуге қолдау көрсетуді жалғастырамыз», – деді Кәмшат Оңалбаева.

Оқи отырыңыз: Алматы ICCA әлемдік рейтингінде бірден 10 сатыға көтерілді