Атырауда шағын және орта бизнес өкілдерінің саны артып келеді. Тұрғындар мемлекеттік қолдау аясында қарекет етіп, берекетін көріп отыр. Аймақта соңғы 3 жылда 250-ден аса адам жеке кәсіпкер атаныпты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл тағы 50 жоба мақұлданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған кәсіпкердің бірі – Ақсүңгіл Абдазова. Ол жеңілдетілген пайызбен несие алып, Махамбет ауданынан асхана ашқан. Қазір тұрғындарды тез дайындалатын тағаммен қамтамасыз етіп отыр. Ол алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, көпбалалы аналарды жұмыспен қамтымақ.
«Кәсіпті бастауыма «Ауыл аманаты» жобасы түрткі болды. 2,5 пайызбен кредит алғанмын.Алдағы уақытта көпбалалы аналарды жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз. Қазір өнімдер өзімізден шығып жатыр. Үлкен цех ашып, адамдардың санын көбейту – мақсатымыз», – деді кәсіпкер Ақсүңгіл Абдазова.
Биыл аталған бағдарлама аясында қабылданған жобалардың 27-сі мал шаруашылығы, ал 23-і шағын бизнеске тиесілі. Қолдау тапқан бастамалардың басым бөлігі аудан мен ауылдарда екен. Жауаптылардың мәліметінше, жыл соңына дейін тағы 52 жоба иесін табады. Нәтижесінде 102 жаңа жұмыс орны ашылады. Осылайша, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға жаңа серпін бермек.
«2025 жылы бағдарламаны іске асыруға 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінге дейін жалпы құны 568,6 млн теңгеге 56 жоба бойынша өтінім қабылданды. Оның ішінде 514,4 млн теңгеге 50 жоба мақұлданып, бөлінген қаражаттың 51,44% игеруге мүмкіндік берді. Қазір 32 жобаға қаржы бөлінді, ал 18 жоба бойынша келісімшарт рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде», – деді «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ директорының орынбасары Динара Дүйсенғалиева.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы елімізде 2023 жылдан бері іске асырылып келеді. Содан бері Атырауда 255 кәсіпкерге қолдау көрсетілген.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Жарты жылда 36 мыңға жуық жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды