Алматыда ең үздік сәулет жобаларына арналған көрме өтті

17.04.2025 21:20

Алматыда «Қазақстан – 2025» XIX қала құрылысы форумы өттіп жатыр

Алматыда «Қазақстан – 2025» XIX қала құрылысы форумы өтті. Оған Беларусь, Қырғызстан және еліміздің түкпір-түкпірінен құрылысшылар, облыстардың сәулет және қала құрылысы басқармаларының басшылары, бас сәулетшілері, инженерлер, жобалаушы кәсіпорындардың өкілдері мен дизайнерлер қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Форум аясында жылдың ең үздік сәулет және қала құрылыстық жобалары көрсетілген көрме де ұйымдастырылды.

Басқосу қала құрылысы саласындағы маңызды мәселелерді қозғады. Жиынға қатысушылар пікір алмасып, шет мемлекеттен келген меймандар тәжірибе бөлісті. Іс-шарада сөз болған алғашқы тақырып – мегаполистерді инновациялық аймақтарға бөліп, жоспарлау. Сала мамандарының сөзінше, қала құрылысында мұның маңызы зор.

 «Қала құрылысшылар одағы әріптестерді жинап жатыр. Оның негізгі мақсаты – әр өңірдің талаптары, проблемалары болады, ортаға салып, шешу жолдарын табу», – деді Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев.

  Сондай-ақ іс-шарада Алматының көлік инфрақұрылымы да талқыланды. Жауапты басқарма басшысының сөзінше, жол жүктемесін азайтып, қоғамдық көлікті дамыту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Форумға қатысушылар да шаһардағы метро, БРТ желілерінің тиімді тұстарын айтты.

 «BRT-ны көп шығыны жоқ жоба десек болады. LRT  немесе метро желісін ұзарту үшін қыруар қаражат қажет. Оның үстіне, тиімді тұстары көп. Ол қоғамдық көлікті дамытып, жеке автомобильдердің азаюына сеп болады. Мегаполисте кептеліс азаяды. Бұл жоба уақыт үнемдеп қана қоймай, экологияға оң әсерін тигізеді десем, артық айтқаным емес», – деді Қазақстан қала құрылысшылары одағының президенті Любовь Нысанбаева.

Басқосуға қатысушылар талқылаған өзекті тақырыптың бірі – жер сілкінісіне төзімді құрылыс салу, күрделі топырақтарда нысандардың бой көтеруіне геотехникалық зерттеу жүргізу. Сарапшылардың айтуынша, кез келген ғимаратты Алматының сейсмоахуалын ескере отырып, салу керек.

«Алматының сеймикалық аудандары картада көрсетілген. Ол жерде нысан бір қабатты үйлерді салуға болмайды. Кеңес кезінде 8 баллдық жер сілкінісіне жобалайтынбыз. Ол жерлерде 12 балл болуы мүмкін, сондықтан жақындауға да болмайды», – деді  Қазақстан қала құрылысшылары одағының вице-президенті Амандық Баталов.

Жиынға қатысушылар қала құрылысы саласын цифрландыру ісін де назардан тыс қалдырмады. Онда жасанды интеллектіні пайдалану, мәліметтер базасын енгізудің оң және теріс тұстары талқыланды.

Айта кетейік, аталған форум ертең де жалғасады. Онда Құрылыс кодексінің маңыздылығы сөз болып, қала құрылысы саласындағы ғылыми еңбектер таныстырылады. Сондай-ақ Алатау қаласының бас жоспарының тұсаукесері өтеді.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматының тау бөктерінде тағы бір заңсыз нысан бұзылып жатыр