Форумға әлемнің 14 елінен 120-ға жуық ғалымдар қатысып, заманауи зерттеуін ұсынуда
Алматыда «Әлемнің үшінші полюсіндегі өсімдіктердің алуантүрлілігін сақтау» атты III халықаралық симпозиум өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Форумға әлемнің 14 елінен 120-ға жуық ғалымдар қатысып, заманауи зерттеуін ұсынуда. Жиын аясында 15 пленарлық баяндама, жетекші биотехнологиялық компаниялардың 4 таныстырылымы және 32 постерлік жұмыс көрсетілді. Сондай-ақ басқосу барысында биоалуантүрлілікті зерттеу мен сақтау мәселелері талқыланды. Ғалымдар Тибет, Шығыс, Оңтүстік және Орталық Азия мен Еуропаның тау жүйелеріндегі флораға баса назар аударды.
«Бізде оңтүстік және солтүстік полюс бар. Оған қоса, әлемде үшінші полюс бар. Ол – Тибет үстірті мен оның айналасындағы тау жүйелерін қамтитын аумақ. Бұл тұщы су мен бірегей экожүйелердің ең үлкен қоймаларының бірі болып есептеледі. Сол себепті осы жердің дамуы мен биоалуантүрлілігін сақтау өте маңызды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 120 ғалыммен біз осы мәселені талқылап жатырмыз», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА академигі Ерлан Тұрысбеков.
Айта кетейік, симпозиум аясында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері бірлескен меморандумға қол қойды. Құжат өсімдік ресурстарын ұтымды пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл бастама аймақтағы бірегей ботаникалық коллекцияларды сақтау шарттарын жақсартып, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға жол ашады.
Айта кетейік, осыған дейін алғашқы симпозиум 2023 жылы Қытайдың Куньмин қаласында өткен болса, екінші басқосу 2024 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында ұйымдастырылған. Ал Алматыда өтіп жатқан үшінші симпозиум аталған ғылыми дәстүрдің жалғасы болып отыр.
«Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайдың отырысында адамдардың деструктивті іс әрекетінен флора мен фаунаға төніп отырған қауіпті ескере отырып, еліміздегі эко жүйені сақтауда биоалуантүрліліктің маңыздылығын атап өтіп, Халықаралық қор құрудың қажет екенін айтып өткен. Енді осы жұмыстарды атқаруда ғалымдардың күш жігерін бір ортаға біріктіріп, жұмыс атқару – міндет. Осы міндетті қазір ҰҒА іске асыруда», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Әлиханов.
Оқи отырыңыз: