Толассыз жауған қалың қардан кейін 9 адам медициналық көмекке жүгінген
Алматы түнде толассыз жауған қалың қардан кейін 60-қа жуық жол апаты тіркеліп, 9 адам медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Синоптиктердің айтуынша, қар аралас жауын сағат 06:00-ге дейін жалғасып, бір тәулікте айлық норманың тең жартысы түскен. Ақ ұлпа қалыңдығы орталықта 20 сантиметрге дейін жетіп, мегаполистегі көлік қозғалысын күрт баяулатты. Коммуналды қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Таңға дейін негізгі көшелер тазартылып, енді жүргіншілер жолақтары мен аула жолдары ретке келтірілуде. Қарқынды жұмысқа мыңнан аса техника мен екі жарым мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған. Биыл іске қосылған қар ерітетін стансалар жұмысты едәуір жеңілдетіп отыр. Жыл соңына дейін тағы бір құрылғыны іске қосу жоспарланыпты.
«Қаламызда қар төгетін орын жоқ. Биыл қар ерітетін орынның құрылысы аяқталып, іске қосылды. Жылдың соңына дейін Бостандық ауданында іске қосатын боламыз. Оған Медеу, Бостандық, Әуезовтың жоғары жағындағы қарды тасимыз», – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Шархан Тұрсынбаев.
Қала әкімдігі табиғаттың тосын сынағына барынша дайын болғанын айтады. Қыс маусымының басында арнайы техника паркі 1030 бірлікке толықтырылып, «Алматы Тазалық» алғаш рет тәулік бойғы үш ауысымды режимге көшкен. Қызметкерлердің саны артып, жұмыс жағдайын жақсарту үшін модульдік пункттер салынған. Өндірістік базалар да жаңартылыпты. Сондай-ақ тәртіп сақшылары қаладағы транспорттың жүруін қалыпқа келтіру үшін қосымша патрульдік көліктер бөліп отыр.
«Алматыдағы жол ахуалы күрделене түсті. Сағат 20:00 –ден сағат 06:00-ге дейін 58 жол-көлік оқиғасы орын алды. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Бірақ 9 адам жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Полиция қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті, жол қауіпсіздігіне басымдық беріп отыр», – деді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек
«Осы процесс кезінде циклонмен байланысқан атмосфералық фронттар қала аумағында және облыстың территориясында өткен кезде қар жауа бастады және әдетте атмосфералық фронттар жақындаған кезде қар қарқыны күшейе түсті», – деді «Қазгидромет» РМК филиалының жетекші инженер-синоптигі Баян Қанаева.
Мамандардың айтуынша, мұндай қалың қар — желтоқсан айына тән табиғи құбылыс. Солтүстік-батыстан келген салқын ауа мен оңтүстіктен жылжыған циклон түйіскен кезде қар мол түседі. Бірақ алдағы бірнеше күнде шаһарда қар жаумайды. Дегенмен желтоқсанның екінші жартысында жауын-шашын қайта жиілейді. Қазір коммуналдық қызметтер қаланың қозғалысын толық қалпына келтіру үшін тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.
Оқи отырыңыз: Алмасхан Сматлаев Алматының қысқа толық дайын екенін мәлімдеді