Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты салықтан босатылуы мүмкін

Төменгі палата депутаттары тиісті заң жобасын қабылдап, Сенатқа жолдады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты салықтан босатылады, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Бүгін төменгі палата депутаттары тиісті заң жобасын қабылдап, Сенатқа жолдады. Егер сенаторлар қолдаса бұл кәсіпорын мемлекет бөлген субсидия үшін қазынаға үш жыл бойы салық төлемейтін болады. Мәжілісмен Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, қолданыстағы заңға сәйкес коммуналдық мекемеге берілген субсидияның 20 пайызын кәсіпорын табыс салығы ретінде мемлекетке кері қайтаруы тиіс. Былтыр МАЭК-ке республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Тәртіп бойынша мекеме соның 1 миллиардын салық ретінде төлейді.

«Мемлекет мемлекеттік компаниясына көмек береді. Бірақ соның 20 пайызын салық күйінде кері қарай алып кетеді. Сондықтан жаңағы берілген ақша толықтай қарыздарды жабуға немесе өзінің даму жабдықтарын жөндеуге толық жұмсалуы үшін салықты алып тастап отырмыз. Себебі ол – мемлекеттің мекемесі, мемлекеттің ақшасы. Сондықтан ақша тиімді жұмсалуы керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында бүгінде инфрақұрылым мәселесі өте өзекті. Кей қондырғылар әбден көнерген көрінеді. Депутат Еділ Жаңбыршиннің дерегінше, турбиналардың 95 пайызы ескірсе, қазандықтардың тозығы 85 процентке жеткен. Сәйкесінше, кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істей алмай тұр. Ал мекеменің тек «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы алдындағы қарызы 20 миллиард теңге.

Айта кетейік, бұл заң жобасы аясындағы жеңілдіктер тек МАЭК-ке ғана қатысты болады. Өзге кәсіпорындарға жеңілдік жасалмайды.

«Бұл жердегі мәселе тариф мәселесі емес. Бұл жердегі мәселе – МАЭК-тің жиналып қалған қарыздарын жабу. Ал енді тариф мәселесін ол энергетика министрлігі қарап, есептеп, жүйелі кестесіне сәйкес жасайды. Бірақ тарифтен оларға пайда түспей отыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жылжымайтын мүлік бойынша бірыңғай цифрлық база құрылды

Новости партнеров