Алматыда кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі
Жаңа бағдарлама кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік болмақ
«Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады». Алайда кез келген істің алға басуы үшін бастапқы қолдау да маңызды. Бұл ретте Алматыда кәсіпкерлерді қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазір шаһарда 170 инвестициялық жоба қолға алынған. Оларды іске асыру болашақта 32 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл шағын және орта бизнестің 452 жобасын қаржыландыруға 41 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұдан бөлек, кәсібін дамытқысы келетін азаматтарға 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру бағдарламасы іске қосылды. Оған кімдер қатыса алады? Бастаманың негізгі талаптары қандай?
Жаңа бағдарлама кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Бұған дейін де қалада кәсібін енді бастаған азаматтарға түрлі қаржылай қолдау көрсетіліп келген. Ал бұл бастама табыс тауып қана қоймай, қоғамдық мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің ісін дамытуға бағытталған.
Нақтырақ айтқанда, бағдарламаға әлеуметтік салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері қатыса алады.
Қайтарымсыз грант көлемі – 5 миллион теңгеге дейін. Бұл мақсатқа бюджеттен 200 миллион теңге бөлінген. Міндетті талаптардың бірі – жобаға грант сомасының кемінде 20 пайызын жеке қаражат есебінен салу. Өтінім қабылдау 9 желтоқсанда басталып, 15 желтоқсанға дейін жалғасады. Қажетті құжаттарды kezekte.kz веб-порталы арқылы тапсыруға болады. Үміткерлер іріктеу нәтижесінде анықталады.
Бұдан бөлек, Алматыда халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын кәсіпкерлерге арналған қайтарымсыз қаржыландыру бағдарламасы да бар. Яғни, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанда, кәсіп бастауға ниетті азаматтардың мүмкіндігі мол.
Жаңа бағдарлама шағын бизнестің дамуына серпін беретіні анық. Ал ауқымды қаржыландыруды қажет ететін кәсіп түрлеріне қандай қолдау қарастырылған?
Шағын және орта бизнес жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қаланың өндірістік әлеуетін арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді. Сондықтан Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінген.
Бүгінде қалада жылжымайтын мүлік, қоғамдық көлік, қойма және логистика, ақпарат пен байланыс салаларында 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оларды іске асыру болашақта 32 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, биыл 452 бизнес-жобаны қолдауға бюджеттен 41,2 миллиард теңге бөлінген. Оның 26 миллиарды жергілікті бюджет есебінен қарастырылған. Сонымен қатар мегаполисте «Almaty Business – 2030» өңірлік бағдарламасы бекітілген.
Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 7 жылға 6 немесе 9 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады. Бір кәсіпкерге берілетін қаржының ең жоғары көлемі – 86,5 миллион теңге. Басым бағыттардың қатарында өндіріс, туризм, ақпараттық технологиялар және креативті индустрия бар.
Жалпы, қалада несиелендіру бағдарламалары арқылы сомасы 76 миллиард теңгеден асатын 933 бизнес-жоба қаржыландырылған. Алайда мемлекеттік қолдауға қол жеткізуге кедергі келтіретін жағдайлар да кездеседі. Мұндайда кәсіпкерлер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегіне жүгіне алады.
Жандос Нұрғазиновтың айтуынша, қаржылай қолдауды қолжетімді етудің негізгі тетіктерінің бірі – кепілдік беру.
«Көптеген кәсіпкердің бизнес-жобасы болғанымен, банктен несие алуға жеткілікті кепілзаты болмайды. Мұндай жағдайда біздің қор 7 миллиард теңгеге дейінгі қаржыландыру кезінде қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік бере алады. Бұл ретте ақшалай баламадағы кепілдіктің ең жоғары мөлшері 3,5 миллиард теңгеден аспайды», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Жандос Нұрғазинов.
«Даму» қоры несие алуға кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін маңызды қолдау тетігіне айналған. Биыл Алматыда аталған қор арқылы 235 жоба қолдау тапқан.
Бұдан бөлек, «Jana Business» және «Өрлеу» бағдарламалары бойынша да жеңілдіктер қарастырылған. Олардың ең жоғары мөлшерлемесі жылына 12,6 пайызды құрайды.
Алайда кәсіпті дамыту үшін қаржының болуы ғана жеткіліксіз. Осыны ескерген «Даму» қоры бизнес өкілдеріне қаржылай қолдаумен қатар, ақпараттық және консультациялық көмек көрсетеді. Мамандар тиімді мемлекеттік бағдарламаны таңдауға, салық төлеу тетіктерін түсінуге көмектеседі.
Ал кәсібін енді бастауды жоспарлағандарға «Арманнан іске» пилоттық жобасы іске қосылған. Оның аясында болашақ кәсіпкерлер арнайы оқудан өтіп, менторлармен жұмыс істейді және бизнес-идеяларын нарыққа шығаруға дайындалады.
«Бүгінде бизнеске жеңілдетілген несие алу ғана жеткіліксіз. Кәсіпкерлер өз жобасының қандай мемлекеттік қолдау түріне үміткер бола алатынын түсінуі қажет. Осы ретте биыл бірыңғай фронт-офис құрдық. Онда шағын және орта бизнес өкілдері бір терезе қағидаты бойынша қажетті ақпарат алып, өз бастамаларына қатысты сауалдарына жауап таба алады. Ал біздің мамандар оларды тиісті қаржы институтына бағыттайды», – деді Жандос Нұрғазинов.
Бүгінде Алматыдағы шағын және орта бизнестің үлесі 59 пайызға жуықтаған. Әсіресе, өндіріс саласы қарқынды дамып келеді.
Тоғыз айда қала кәсіпорындары 1,97 триллион теңгенің өнімін шығарған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға жоғары. Автокөлік пен техника өндірісі 66 пайызға, дәрі-дәрмек шығару 20 пайызға, ал азық-түлік өндірісі 9,5 пайызға артқан.
Аталған салалардың дамуына жаңа кәсіпорындардың ашылуы да ықпал етіп отыр. Жыл басынан бері Алматының Индустриялық аймағында бес жаңа өндіріс орны іске қосылып, 345 жұмыс орны құрылған. Жыл соңына дейін тағы алты кәсіпорын ашып, қосымша 346 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Алматыда бизнесті дамытуға мүмкіндік мол, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Ендігі міндет – берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсібін өркендету.