Басқосуда заң шығару қызметін ғылыми-сараптамалық тұрғыда сүйемелдеу мәселелері сөз болды
«Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі». Алматыда осындай атаумен сараптамалық отырыс өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, жетекші сарапшылар, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Басқосуда Құрылтайдың конституциялық негіздері, заң шығару өкілеттіктерін жетілдіру, заң жобаларын әзірлеу тетіктері және заң шығару қызметін ғылыми-сараптамалық тұрғыда сүйемелдеу мәселелері талқыланды.
«Құрылтай тек заң шығарып, заң ұсынумен ғана шектелмеуі керек. Заңды халықтың ұсыныстарын жинақтау арқылы қабылдау қажет. Конституцияда жазылғандай, "Мемлекеттік биліктің бастауы – халық". Сондықтан халықпен тікелей байланыста болу керек. Қазақстанда құрылып жатқан Құрылтайдың парламент деңгейінде жұмыс істеуі өте қажет деп есептейміз. Сондықтан алдағы Құрылтай жұмысында осы мәселелер ескеріледі деп ойлаймын», – деді ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен.
Сарапшылардың айтуынша, Құрылтай заң қабылдайтын орган ғана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтатын маңызды институт болуы тиіс.
Сондай-ақ жиында заң шығару үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу, азаматтардың қоғамдық талқылауларға қатысу мүмкіндігін кеңейту және халықаралық тәжірибені тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.
Бұдан бөлек, электоралдық көңіл күйге арналған әлеуметтік зерттеу нәтижелері таныстырылды. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 72,1 пайызы алдағы сайлауға қатысуға дайын екенін білдірген.
«Қазіргі таңда қабылданған Конституцияны іске асырудың алғашқы қадамдары жасалып жатыр. Соның қатарында Құрылтайды сайлау да бар. Құрылтай – заң қабылдаушы орган. Бірақ ол тек заң қабылдаушы орган ғана емес. Оның тағы бір негізгі мақсаты – қоғамды біріктіру, қоғамдағы әртүрлі мүдделердің басын қосу», – деді Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді