Атырауда мұнай өңдеу зауыты маңындағы тұрғындар көшірілетін болды

Тұрғындардың өтінішінен кейін санитарлық қорғау аймағы қайта қаралды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау іргесіндегі мұнай өңдеу зауытынан 500 метр  жерде орналасқан саяжай тұрғындары көшірілетін болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Халық бұған дейін ірі мұнай компаниясының тым жақын орналасып, тұрғындарға қауіп төндіріп тұрғанын бірнеше рет айтып, көмек сұраған еді.

Осылайша, бұл іске прокуратура араласып, талдау жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде санитарлық қорғау аймағының шекарасы заңсыз бекітілгені анықталды.

Алайда құзырлы орган өкілдері тұрғындардың нақты қашан көшірілетінін айтпады. Естеріңізге сала кетейік, осыдан үш ай бұрын саяжай тұрғындары сасық иістен тұншығып, тыныс алу мүмкін еместігін айтып, көшіруді талап еткен болатын.

«Табиғатты қорғау прокуратурасы талдау жұмыстарын жүргізді. Бұрын бекітілген санитарлық қорғау аймағының шекарасы заңсыз бекітілгені белгілі болды. Оған дейін прокуратураға бірнеше тұрғыннан арыз-шағым түскен болатын. Сол арыз-шағымдарды ескере отырып, мәселені қайта қарадық. Заңбұзушылықтар анықталды. Нақты мекенжайлар әкімдікпен анықталатын болады», – деді Атырау облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Мирас Жалмұрзин.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді