Алматыда қылмыс деңгейі 11 пайызға жуық төмендеді

Шаһарда 7 мың тәртіп сақшысы тәулік бойы қоғамдық тыныштық пен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қылмыс деңгейі шамамен 11 пайыз төмендеді. Мегаполистің Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, шаһарда 7 мың тәртіп сақшысы тәулік бойы қоғамдық тыныштық пен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Биыл алғашқы 5 айдың қорытындысы бойынша Алматыда қылмыс деңгейі 10,9%-ға төмендеп, оларды ашу көрсеткіші 5,6%-ке артқан. Өйткені алдын алу жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Талдау нәтижелері бойынша қылмыстардың 80 пайыздан астамы өзге өңірлерден немесе шетелден келген азаматтар тарапынан жасалатыны, сондай-ақ ауыр құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі алкогольдік ішімдік тұтынған сәтте болатыны анықталыпты. Одан бөлек, ойын-сауық орындарында тыныштықты қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі. Алматыда мұндай 885 нысан жұмыс істейді, олардың 85-і қоғамдық тәртіпке айтарлықтай әсер етеді. Тексеру нәтижесінде бірқатар мекемелердің қызметі уақытша тоқтатылған. Бұған қоса, құзырлы орган өкілдері балалар қауіпсіздігі мәселесі жіті назарда екенін айтты.

«Кәмелетке толмағандардың терезеден құлауына байланысты 7 дерек бар. Барлық жасөспірім дене жарақатын ғана алған, сау. Әр жасөспірімнің ата-аналарына 27-бапқа сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз жүру деректері бойынша жыл басынан бері 6600 ата-ана мен заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды», – деді Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Сондай-ақ жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзған 21 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұған қоса, белгіленбеген орындарда сауда жасаған 4 794 азаматқа айыппұл салыныпты. Одан бөлек, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүргізілген шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 2 161 суық қару, соның ішінде пышақтар мен кастеттер тәркіленген. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, оңтүстік астанаға саяхаттап келген азаматтар үшін де туристік полиция үздіксіз көмек көрсетуге дайын.

«Алматы қаласына шетел азаматтары көп келуде. Олар кейде қылмыс жасайды, кейде объектісі болады, сондықтан полицияға жүгінген сәтте дер кезінде көмек көрсетіледі. Мысалы полицияда шетел тілдерін жақсы меңгерген азаматтар да жұмыс істейді. Бізде туристік полиция бекеттері жұмыс істейді. Яғни айтарлықтай дәрежеде көмек ала алады», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Полиция мәліметінше, Алматыда 200 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 73 мыңнан астамы Жедел басқару орталығына қосылған. Ал 19 мыңнан астам камера бейне-талдау және жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған.

Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылық: 9 жыл күйеуінің тепкісіне шыдаған келіншек дағдарыс орталығына тұрып жатыр

Новости партнеров