Лагерьде мәдени-танымдық, спорттық, экологиялық, патриоттық және шығармашылық бағыттағы шаралар жүйелі түрде жүргізілмек
Ақтөбедегі мектептердің бірінде «Қауіпсіз жаз» атты іс-шара өтті. «Заң мен тәртіп» идеологиясы және «Айқын нәтиже» жобасы аясында өткен жиын демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды көздейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Іс-шара шеңберінде «Айналайын» мектепішілік жазғы лагерінің тыныс-тіршілігі таныстырылып, оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірегей жоба көрсетілді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, биылғы жазғы маусымда лагерьде мәдени-танымдық, спорттық, экологиялық, патриоттық және шығармашылық бағыттағы шаралар жүйелі түрде жүргізілмек.
«Бүгінгі іс-шарамыздың мақсаты – оқушылардың қауіпсіздігі. Жазғы уақыттағы қауіпсіздіктерді квест ойын арқылы түсіндіреміз. 102, 112, 103, яғни қауіпсіздік шараларды түсіндіру мақсатында әрбір станцияға тапсырма беріп, оны орындау арқылы оқушылар қауіпсіздіктің не екенін түсінеді», – деді Д. Қонаев атындағы Жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясының орынбасары Жаңылхан Рашидқызы.
Таныстырылым барысында бастауыш және орта буын оқушыларының қатысуымен «Қауіпсіздік әлеміне саяхат» квест-фестивалі өткізіліп, балалар өмірлік маңызы бар дағдыларды бес тақырыптық стансада меңгерді. Айталық «Жас жол сақшысы» аймағында велосипед пен самокатты қауіпсіз пайдалануды үйренсе, «Құтқарушы» стансасында төтенше жағдай кезінде эвакуация жасау мен өрт құралдарын қолдану тәсілін таныды. Бұдан бөлек, оқушылар алғашқы көмек көрсетуді тәжірибеден өткізіп, судағы қауіпсіздік ережелерін үйренді. Ал «Киберсақшы» стансасында интернеттегі алаяқтықты анықтау жолын меңгерді. Квест-фестиваль соңында барлық қатысушыларға «Қауіпсіздік паспорты» табысталып, ең көп ұпай жинаған командалар мен белсенді оқушыларға арнайы сертификат берілді.
«Шараға полиция, прокуратура, төтенше жағдайлар бөлімі және де денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысуда. Аталған шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Ең бастысы – кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Құқық бұзушылықтың алдын алу», – деді қалалық Прокуратура қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Кәмилә Асылбекқызы.
Оқи отырыңыз: Алматыда қылмыс деңгейі 11 пайызға жуық төмендеді