Алматыда Халық қаһарманы, ғарышкер Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі өтті

Талғат Амангелдіұлы 4 тамызда 75 жасқа қараған шағында өмірден өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы жұртшылығы Халық қаһарманы, ғарышты үш мәрте бағындырған тарлан Талғат Мұсабаевты қимастықпен ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Офицерлер үйі орналасқан 28 панфиловшылар саябағында өткен қоштасу рәсімінде әскерилер сап түзеп, зеңгір көкті бағындырған тарланға соңғы құрметін көрсетті. Жан-жақтан жиналған жұртта есеп болмады. Жұлдыздарға жол салған тұлғаның отбасы мен туыстарынан бөлек, алыс-жақын шетелдерден ғарыш саласының өкілдері қатысты. Мәселен ресейлік әріптесі, авиация спортының шебері Сергей Крикалев Талғат Амангелдіұлы туралы жүрекжарды сөз айтып, онымен бірге жұмыс істегенін үлкен мақтанышпен еске алды.

«Мен Талғат Мұсабаевты ертеден, тіпті өзім ғарышкерлер қатарына қосылмай тұрып-ақ таныдым. Кейін ол отряд қатарына қабылданып, бірнеше мәрте аспан әлеміне сапар шекті. Осы уақыт аралығында ол ғарыш саласында үлкен еңбек сіңірді. Талғат Амангелдіұлының ғұмыры мен еңбегі тек екі ауыз сөзбен сипаттай салатын дүние емес, бұл тұтас бір дәуір, тұтас бір үлкен құндылық», – деді ресейлік ғарышкер, авиация спортының шебері Сергей Крикалев.

Қазақтың екінші, ал әлемнің 309-ғарышкерімен қоштасу рәсіміне тұңғыш аспан әлемін бағындырған Тоқтар Әубәкіров те қатысты. Ол үш рет көкке көтерілген Талғат Мұсабаевтың ел ғылымы мен ғарыш саласына сіңірген ерен еңбегін ерекше тебіреніспен атап өтті.

«Талғат әлі өмір сүруге болар еді. Бірақ табиғаттың заңы осы. Айналасынан бұл кісі кетіп қалды. Өкінішке қарай, бүкіл қазақ халқының қайғысы болып тұр. Жаны жәнатта болсын!» – деді тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров

Сондай-ақ қоштасу рәсімінде қала әкімдігі де құрмет көрсетуден шет қалған жоқ. Шаһар басшысы Дархан Сатыбалды арнайы келіп, қаралы жиынға ортақтасса, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин көпшілікке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді.

«Әйгілі ұшқыш, ғарышкер, Халық Қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтам. Талғат Амангелдіұлы – үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен елімізді әлемге танытқан батыр тұлға. Отандық аэро-ғарыш саласын дамытуға бар күш-жігеріп жұмсап, еңселі еңбек етті.  Иманы саламат, жаны жәнатта болсын!» – деді ҚР мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин.

Ресми бөлім аяқталған соң, имам марқұмның жаназасын шығарып, рухына дұға бағыштады. Жаназа намазынан кейін Талғат Мұсабаевтың денесі салынған табыт оркестрдің қайғылы әуенімен Кеңсай зиратына жөнелтілді. Батырдың мәңгілік мекені енді осы қасиетті топырақ болмақ.

Еске сала кетейік, ғарыштың көк жүзінде қырандай қалықтаған Талғат Амангелдіұлы 4 тамызда 75 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Оқи отырыңыз: Талапшыл, әділ басшы, адал дос: Талғат Мұсабаев - әлемде тұңғыш рет космосқа саяхат жолын ашқан ғарышкер

Новости партнеров