Алматыда кибершабуылға қарсы оқу-жаттығу өтті

23.07.2026 18:13

Оқу-жаттығудың мақсаты – жарық, су, жылу беретін стратегиялық нысандардың басқару жүйесін хакерлерден қорғау тәсілін арттыру

Алматыда кибершабуылға қарсы оқу-жаттығу басталды. Жаңа форматтағы жиын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқу-жаттығудың мақсаты – жарық, су, жылу беретін стратегиялық нысандардың басқару жүйесін хакерлерден қорғау тәсілін арттыру. Жиын барысында қатысушылар тек теориямен шектелмейді. Олар 12 командаға бөлініп, арнайы оқу жаттығуда шеберлік сынайды. Бірі бағдарламалау бойынша білімін көрсетсе, енді бірі киберқауіпсіздік пен жаңа технологияларды меңгереді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығу стратегиялық нысандардағы тосын апаттар мен қауіптің алдын алуға көмектеседі. Мемлекеттік органдар мен ғалымдар бас қосқан жиын ертеңге дейін жалғасады. Ал үздік қатысушылар энергетика министрлігінің арнайы сертификатымен марапатталады.

«Бұл іс-шараны технологиялық желілерге жасалатын кибершабуылдарға тойтарыс беруді үйрену үшін өткіздік. Себебі үйіміздегі жарық, су және басқа да өмірлік маңызды ресурстар технологиялық желілерге байланысты. Алдағы уақытта отын-энергетикалық кешеніне арналған ақпараттық қауіпсіздік орталығын салуды жоспарлап отырмыз», – деді ҚазҰУ кибер-физикалық қауіпсіздік зерттеулер орталығының техникалық серіктесі Артем Коваль.

Оқи отырыңыз: Алматыда IV Халықаралық цирк фестивалі басталды