Алматыда кісі өлімімен аяқталған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ресми деректерге сүйенсек, қозғалыс кезінде жүк көлігі мен автобусты жалғап тұрған сүйреу ілмегі үзіліп кеткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кісі өлімімен аяқталған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алатау ауданында жүк көлігі сүйретіп келе жатқан автобус жаяу жүргіншіні қағып кетті. Салдарынан 35 жастағы ер адам алған жарақаттарынан көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кісі қазасымен аяқталған жол апаты Емцов көшесі 12 үйдің маңында болған. КамАЗ маркалы жүк көлігі тросс жалғап, сүйреп келе жатқан автобус алдымен қоршауды қағып, артынан жаяу жүргіншілер жолымен келе жатқан азаматты соққан. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырған. Байқасаңыздар, мұнда халық өте көп жүреді. Жан-жақтың бәрі дәмхана, дүкен және кеңселер.

Қоршауы бұзылған үй иесі қатты дауыс естілген бойда далаға жүгіріп шыққанын айтты. Сол кезде қақпасының бүлінгенін және ес-түссіз жерде жатқан адамды көрген. Сөзінше, біраздан кейін жанына өзін жауапты мекемеденмін деп таныстырған ер кісі келіп, қоршауды қалпына келтіріп беретінін жеткізген.

«Сағат 3,5 шамасында қатты дауыс естіп, шошып кеттік. Не болғанын көру үшін сыртқа шыққанымызда қоршауымыз құлап жатты. Арғы жағында үлкен көлік тұрды. Лезде көп адам жиналып кетті. Сөйтіп тоқтап тұрған автобусты жылжытқанда, жерде жатқан адамды көрдік», – деді үй иесі Люция Салаватова.

Ресми деректерге сүйенсек, қозғалыс кезінде жүк көлігі мен автобусты жалғап тұрған сүйреу ілмегі үзіліп кетіп, автобус жол жиегінде тұрған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. 35 жастағы азамат оқиға орнында көз жұмды.

«Алатау ауданында түстен кейін ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Өкінішке қарай, 35 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында жан тәсілім етті. Жүк көлігі ПАЗ маркалы автобусты сүйреп келе жатқан кезде автобус жылжып кетіп, жолдың шетіндегі жаяу жүргіншіні қағып кетті», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Ал тәртіп сақшылары жолаушыларды жолда абай болуға шақырды.

Олжас Омарбек, Сағынғали Мұңайтпасов

 

Новости партнеров