Фестиваль аясында студенттер баспагерлермен кездесті
Қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл 125 жыл толды. Арда азаматтың аты берілген Қазақ ұлттық техникалық зерттеу институтының да құрылғанына 90 жыл толып отыр. Мерейтой аясында оқу ошағы елдегі белді баспалардың ұйымдастыруымен кітап фестивалін өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мақсат – кітап оқу мәдениетін жандандырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.
"Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», - деп айтқан. Осы жерде керемет ғалымдардың ішкі жан-дүниесі рухани байып, үлкен тұлғаларға айналады деп ойлаймын", – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.
Фестиваль аясында студенттер баспагерлермен кездесіп, кітап көрмелері мен жазушылардың шеберлік сабағына қатысты. Мәдени іс-шара оқу ордасының Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталығында өтті. Онда сирек кездесетін кітаптар қойылған.
"Бұл орталықтың негізгі мақсаты – студенттердің, ұстаздардың, ғалымдардың ғылыми-әдеби, шығармашылығына жағдай жасау. Түрлі қызық кездесу өтеді. Ғалымдар өздерінің шәкірттерімен кездеседі. Соңғы жаңалықтарды пысықтайды", – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Сыдықов.
Оқи отырыңыз: Жас ғалым: Маңғыстауда 5 ғалымның жұмысы грантқа ие болды