Әлеуметтік орталық жақынынан айырылған, басында баспанасы жоқ, пробация қызметінде есепте тұрған жандарға қолдау көрсетеді
Алматыдағы «Пана» әлеуметтік орталығы биыл қиын жағдайға тап болған 652 азаматқа қолдау көрсеткен. 11 адамға зейнетақы тағайындалып, бесеуіне мүгедектік рәсімделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Махмұд Ахметовтың бейімдеу орталығын паналағанына екі айдың жүзі болған. 76 жастағы қария жұбайымен ажырасқаннан кейін тірліктен түңіліп, ішімдікке салынған. Барар жері болмаған соң көрінген жерде түнеуге мәжбүр болған. Биыл көктемде ғана әлеуметтік мекеменің барын естіп, мамандарға жолыққан. Бүгінде «жағдайым жақсы, денсаулығым түзелді» деп дән риза.
«Таңертең сағат 4:00-де оянып, далаға шығып жаттығу жасаймыз. Жеке куәлігімнің уақыты біткен, осыдағылар ауыстырып берді», – деді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының емделушісі Махмұд Ахметов.
Әлеуметтік орталық жақынынан айырылған, басында баспанасы жоқ, пробация қызметінде есепте тұрған жандарға қолдау көрсетеді. Азаматтар денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, ішкі істер органдары сияқты мекемелердің жолдамасы арқылы қабылданады. Оларға әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, зейнетақыны ресімдеу сияқты бірқатар қызмет көрсетіледі.
«Құжаттарын қайта қалпына келтіріп, зейнетақысын рәсімдеуге толық жұмыс жасалынады. Сол сияқты мүгедектігі бар адамдардың да құжаты жоқ болғандықтан, көмек сұрайды. Оларды емханаға тіркеп, ары қарай мүгедектігін рәсімделеді. Жұмысқа қабілеті бар адамдар болса, жұмысқа орналастырамыз», – деді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Болат Айтмұрзаев.
Бүгінде мекемеде тағдыр тәлкегіне ұшыраған 253 адам тұрып жатыр. Олармен психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Орталықта азаматтарға керекті жағдайдың бәрі жасалған. Тоңазытқыш, кір жуу машинасынан бастап, шаштаразға дейін қарастырылған.
Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Алматыда «Шымбұлақта» шеберлік сағаттары мен жәрмеңкесі бар ECODAY өтеді