Алматыда әлемнің 15 елінен келген ЖОО жетекшілері бас қосты

12.06.2026 18:12

Басқосуда әлемнің жетекші жоғары оқу орындары өкілдері тәжірибе алмасып, Орталық Азияның жаһандық білім кеңістігіндегі орны мен даму бағыттарын саралады

Алматыда Орталық Азиядағы алғашқы «Университет президенттері халықаралық қауымдастығының» өңірлік конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Екі күндік ауқымды басқосуға әлемнің 15-тен астам елінен келген 100-ден аса жоғары оқу орнының жетекшілері, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысуда. Жиын барысында университеттердің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық сын-қатерлерді еңсерудегі миссиясы кеңінен талқыланып, жоғары білім беру саласының жаһандық даму бағыттары сараланды. Сондай-ақ қатысушылар оқу орындарының жасанды интеллект дәуіріне сай жаңғыруына ерекше назар аударды.

«Бүгінгі конференцияның Алматыда өтуі – тек AlmaU үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға. Қазір жоғары білім беру жүйесіндегі жасанды интеллекттің дамуы, еңбек нарығындағы өзгерістер және тұрақты даму секілді тақырыптарға тоқталамыз. Сондықтан университеттер енді қоғамдағы өзгерістердің көшбасшысы ретінде танылуы керек. Сондай-ақ шетелдік жоғарғы оқу орындарымен ынтымақтастығымызды дамытқымыз келеді», – деді Алматы менеджмент университетінің президенті Асылбек Кожахметов.¤

Сонымен қатар маңызды басқосуда әлемнің жетекші жоғары оқу орындары өкілдері тәжірибе алмасып, Орталық Азияның жаһандық білім кеңістігіндегі орны мен даму бағыттарын саралады. Мамандар мұндай алаң өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, жоғары білім саласында жаңа бастамаларға жол ашатынын айтты.

«Конференцияның жалпы негізін қалаушы, осы жерге жиналуға себеп болып отырған ол - «Университеттердің президенттері мен ректорларының» халықаралық ассоциациясы. Ол ассоциация 1965 жылы, осыдан 60 жыл бұрын Оксфорд университетінің негізінде халықаралық ассоциация болып құрылған. Бұл ассоциацияға қазір дүние жүзіндегі 100 деген мемлекеттің университеттің басшылары мүше болып кіреді», – деді Алматы менеджмент университеті қамқоршылық кеңесінің мүшесі Жақсыбек Құлекеев.

Оқи отырыңыз:  Алматыда отандық және шетелдік ғалымдар Жамбыл мұрасын талқылады