Бірініші жобаны аяқтау 2028 жылға жоспарланған
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға және қалдықтарды қайта өңдеу қуаттарын арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыруды жалғастыруда. Алматыда қағаз қалдықтарын қайта өңдеу саласында осындай екі жоба жүзеге асырылуда. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 200 мың тоннадан асады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрлік хабарлауынша, ірі жобаларды жеке компаниялар жүзеге асыруда. Бірінші жоба аясында қолданыстағы кәсіпорын жаңғыртылып, қағаз қалдықтарын қайта өңдеу қуаты жылына 150 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Жобаның құны шамамен 36,5 млрд теңгені құрайды.
Жобаны аяқтау 2028 жылға жоспарланған.
Екінші жоба қолданыстағы қағаз өндіру машинасын жаңғыртуды және кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 50,4 мың тоннаға дейін арттыруды көздейді. Жобаның құны 1,1 млрд теңгеден асады.
Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Кәсіпорынға бояу жабдығы жеткізіліп, оны орнату мен монтаждауға дайындық жүріп жатыр. Сонымен қатар қағаз өндіру машинасының жеткізілуі күтілуде. Өндірістік желіні жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұл жобаларды іске асыру Алматыдағы макулатураны қайта өңдеу қуаттарын арттыруға және қағаз қалдықтарын қайта айналымға кеңінен тартуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы құны 116 млрд теңгеге жуық 30 жобаны қаржыландырды.
Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін арттыруға, қалдықтарды көму көлемін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Президент Жарлығы: Құрылтайдың бірінші сессиясы 28 тамызда өтеді