Полиция мектеп маңындағы жолдың жай-күйіне де ерекше назар аударады
Жаңа оқу жылының алғашқы күндері Алматыдағы мектептердің маңында қауіпсіздік жағы күшейеді. Қарбалас кезде 700 полиция қызметкері мен 130-дан астам сақшылар экипажы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, жол қозғалысын реттеуге атсалыспақшы. Көлік қатынасы аса тығыз жерлерде инспекторлар жол қозғалысын қолмен реттеп, балалардың жолдан қауіпсіз өтуіне көмектеседі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев қыркүйек айының басында жол жүктемесінің артуына қаланың қалай дайындалып жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқу жылы басталысымен әсіресе мектеп пен балабақшаның маңында көлік қозғалысының қарқыны артады. Сонымен қатар оқушылардың ата-анасы, студенттер мен жазғы демалыстан кейін қалыпты жұмыс кестесіне оралып жатқан қала тұрғындары да көлікпен жолға шығады. Қаланың кейбір жеріндегі бітпеген жол жөндеу жұмысы да қосымша жүктеме түсіреді.
Осыған байланысты қыркүйек айының алғашқы күндері полиция білім беру ұйымының маңында күшейтілген режимде жұмыс істемек. Қозғалысты қолмен реттеп, стационарлық бекет пен мобильді сақшылар жұмыс істейді.
«Жалпы білім беретін мектептерде сол аумақты, оқу орнына кіреберіс пен жаяу жүргіншілер жолын жақсы білетін полиция қызметкерлері бекітілген. Қыркүйектің алғашқы күндерінде олардың жұмысы күшейтіледі. Көлік қозғалысы аса тығыз учаскелерде инспекторлар қолмен реттеуге көшеді. Бұл балалардың жолдан қауіпсіз өтуіне, көлік ағынының шамадан тыс кептеліс тудырмауына мүмкіндік береді», – дейді Тимур Ноғайбаев.
Полиция мектеп маңындағы жолдың жай-күйіне де ерекше назар аударады. Оқу жылы қарсаңында мүдделі қызметтермен бірлесіп жаяу жүргіншілер өткелі, жол белгісі мен жол таңбасы, жарық жағы мен көше-жол желісінің өзге де элементтерін түгел тексеріп шықпақ. Анықталған кемшілік туралы ақпарат оларды жою үшін тиісті қалалық қызметтерге жолданады.
Оқу жылы басталар алдында автобустар да тексерістен өтеді. Көліктің техникалық жағдайы, балаларды тасымалдау талабының сақталуы мен бағыттың ұйымдастырылу жағын тағы бір пысықтап алмақшы.
Полиция ересектердің жолдағы тәртібінің де маңызы зор екенін атап өтті. Бала көбіне ата-анасының жолдағы әрекетін қайталайды. Сондықтан ересектер баланың мінез-құлқын бұзбас үшін барынша жауапты болуы керек.
«Балалар жол ережесін әрдайым білмегендіктен бұзбайды. Кейде бала асығады, телефонға алаңдайды, құлаққаппен жүреді немесе жолдан тезірек өткісі келеді. Алайда көп нәрсе ата-ананың мінез-құлқына байланысты: егер ересек адам қызыл шамға өтіп кетсе немесе жолды белгіленбеген жерден кесіп өтсе, бала мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды да, оның арты оқыс жағдайға алып келуі мүмкін», – дейді спикер.
Ережені өрескел бұзып, көлігін оңды-солды жолға қойып кететін ата-аналар да ескерту алады. Жаяу жүргіншілер өткеліне тым жақын қойылған көлік балаға жолды көруге кедергі келтіріп, жүргізуші жаяу жүргіншіні байқамай қалуы мүмкін. Полиция ата-аналарды көлікті екінші қатарға қоймауға және мектепке кіреберіс жерде кептеліс туғызбауға шақырады.
Күзде күннің қысқаруына байланысты қауіп те артады. Балалар сабаққа таңғы қаракөлеңкеде барып, сабақтан, үйірме мен секциядан қараңғы түскенде қайтуы мүмкін. Ата-аналарға балалардың киімі мен сөмкесіне жарық шағылыстыратын элементтер тағуы керек. Олар жүргізушілерге жаяу жүргіншіні ертерек байқауға көмектеседі.
Электр самокаттарына, велосипедтер мен басқа да жеке құралдарға қатысты бақылау да күшейтіледі. Әсіресе таңертеңгі және кешкі уақытта білім беру ұйымдарының маңына ерекше назар аударылады.
«Балалардың қауіпсіздігін тек полицияның күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл – полицияның, педагогтердің, ата-ананың, жүргізушілер мен оқушылардың ортақ жауапкершілігі. Біз ересектерден баламен оның мектепке баратын бағытын алдын ала талқылауды, жолды қауіпсіз кесіп өтетін жерлерді көрсетіп, өздерінің де жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауын сұраймыз. Біздің ортақ міндетіміз – баланың мектепке барып-қайту жолын барынша қауіпсіз ету», – деп атап өтті Тимур Ноғайбаев.
Әсіресе 1 қыркүйекте көлік қозғалысына түсетін жүктеме жоғары болады. Полиция тұрғындарға маршруттарын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті пайдалануға кеңес береді.
Бұл күні көлікті үйде қалдырып кетсеңіздер, ол таңертең көшедегі көлік санының едәуір азаюына сеп болады.
Оқи отырыңыз: Бірінші сыныпқа қабылдау OQU платформасында іске қосылды