Алматыда мемлекеттік қызмет саласындағы заң талаптары түсіндірілді

10.07.2026 20:23

Мамандар заңнамалық жаңашылдықтардың тәжірибеде қолданылуына тоқталды

Алматыдағы №4 қалалық емханада мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жиында құқықтық сауаттылықты арттыру, мемлекеттік қызмет саласындағы заң талаптары және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәдениеті түсіндірілді.

Бас қосуда Конституция нормалары, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң талаптары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер талқыланды.

Мамандар заңнамалық жаңашылдықтардың тәжірибеде қолданылуы мен мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігіне тоқталды. Іс-шара соңында дәрігерлер өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бастамасымен Алматы қаласындағы №4 қалалық емханада түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға ғалымдар мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласындағы филиалының өкілдері қатысып, қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға енгізілген өзгерістер де түсіндірілді. Әсіресе мүдделер қақтығысы мен комплаенс қызметіне қатысты жаңашылдықтарға тоқталдық», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басқармасының басшысы Нұрлан Тілешәлиев.

Оқи отырыңыз: Таразда 15 жыл бойы заңсыз тұрған ғимарат сүрілетін болды