Таразда 15 жыл бойы заңсыз тұрған ғимарат сүрілетін болды

Сот ғимараттың тиісті рұқсат құжаттарынсыз салынғанын анықтады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараздың қақ ортасында 15 жыл бойы заңсыз тұрған үш қабатты ғимараттың мәселесіне ақыры нүкте қойылды. Сот шешімімен нысан сүрілетін болды. Ал оны бұзу шығынын мемлекет емес, кәсіпкердің өзі көтереді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сот ғимараттың тиісті рұқсат құжаттарынсыз салынғанын, сондай-ақ құрылыс кезінде қызыл сызық талаптары сақталмағанын анықтады. Құзырлы органдар бірнеше мәрте заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама бергенімен, олар орындалмаған. Осыған байланысты кәсіпкер екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.

Белгілі болғандай, жер телімі оның меншігіне 2011 жылы өткен. Ал 2016 жылы ғана жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және құрылыс жүргізуге келісім берілген. Соған қарамастан, жертөлесімен қоса үш қабатты ғимарат заң талаптарын сақтамай салынған.

«Сот алқасы бірінші сатыдағы сот істің мән-жайын жан-жақты және объективті түрде зерттеп, материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын дұрыс қолданды деген қорытындыға келді. Істі қарау қорытындысы бойынша Тараз қалалық сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Ал апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот актілері заңды күшіне енді», – деді Жамбыл облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі Алина Райымбаева.

Оқи отырыңыз: Республикалық маңызы бар бес ақылы жолда жаңа бақылау жүйесі енгізілді