Алматыда ортопедиядағы ең озық технологиялардың бірі таныстырылды

Мамандар жаңашылдық елдегі роботтандырылған хирургияны дамытуға серпін беретінін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ортопедиядағы ең озық технологиялардың бірі таныстырылды. №4 қалалық клиникалық ауруханада ірі буындарды эндопротездеу бойынша бірегей ота жасалды. Дәрігерлер ТМД елдерінде бұрын-соңды қолданылмалған робот-көмекші мен шетелдік мамандардың қатысуымен шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі күнге жоспарланған шеберлік сағаты аясында тізе буынын толық эндопротездеу бойынша тәжірибелік және көрсетілімдік оталар жасалады. Бас-аяғы 8 операция өтеді деп көзделген. Мамандардың айтуынша, роботтандырылған жүйе ота дәлдігін арттырып, хирургиялық қателік тәуекелін азайтуға және науқастың оңалу кезеңін жеңілдетуге мүмкіндік береді. 73 жастағы Базаргүл Отарбекова 4-дәрежелі артрозға шалдыққан. Былтыр оң аяғына ота жасатып, биыл тізесін толық емдетуге ниетті.

«Бір аяғым жақсы болды. Сол аяғым жарамайды, көзімнен отым шығып кетеді. Реабелитолог жіберді. Қазір роботпен жасайтынын айтты, уайымдап отырмын», – деді қала тұрғыны Базаргүл Отарбекова.

№4 қалалық клиникалық ауруханада 2012 жылы эндопротездеуге бағытталған бейінді бөлімше ашылған. Содан бері мұнда жамбас, тізе, иық және шынтақ буындарын алмастырумен қатар, ірі буындарға толық және ішінара ревизиялық эндопротездеу оталары жүргізіледі. Халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған жиында травматология мен ортопедия саласына оң серпін беретін бірегей әдістер талқыланды. Сондай-ақ мамандар жоғары технологиялық шешімдерді жүйелі түрде енгізу процесін қарастырды.

«Ота кезекті роботты қолдану арқылы жасалып жатыр. Оның әлемде активті, жартылай активті және пассивті 3 түрі болады. Бүгін пассивті роботпен тізе буынын ауыстырамыз», – деді № 4 қалалық клиникалық аурухана бөлімінің меңгерушісі Мейрамбек Жұмағұлов

«Роботтың көмегімен процесс жеңілірек өтеді. Бұл технология әлем бойынша өте танымал. Қазақстанға робот-ассистентті енгізіп жатқанына қуаныштымын. Салада түрлі әдіс бар, робот – осы әдістің қозғаушы күші. Ол имплантты науқастың жағдайына қарай асқан дәлдікпен өлшеп, қондыруға мүмкіндік береді», – деді шетелдік маман Хурам Шехзад.

Ауруханада 25 мыңнан астам науқасқа буын алмастыру отасы жасалған. Биыл 2200 операция, 2024 жылы эндопротездеу бойынша 1800-ге жуық ота сәтті өтті. Мамандар жаңашылдық елдегі роботтандырылған хирургияны дамытуға серпін беріп, отандық медицинаның мүмкіндігін артыратынын айтты.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда алғаш рет кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау отасы жасалды

Новости партнеров