Электр жарығы, жер және абаттандыру: Алматы әкімі тұрғындардың өтінішін тыңдады

Қабылдау қорытындысы бойынша жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне әрбір өтінішті жан-жақты зерделеп, белгіленген мерзімде шешу тапсырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады, деп хабрлайды Almaty.tv.

Қала тұрғындары электрмен жабдықтау, жер қатынастары, тұрғын үйді жаңғырту, жол қозғалысын ұйымдастыру және құрылыс талаптарының сақталуына қатысты түйткілдерді көтерді. Сонымен қатар қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, үйлердің қасбетін жөндеу, инженерлік желілерді қалалық қызметтердің қарауына беру және спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Қабылдау қорытындысы бойынша жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне әрбір өтінішті жан-жақты зерделеп, белгіленген мерзімде шешу тапсырылды.

«Мен жерге қатысты мәселе көтердім. Кезінде жер телімдері дұрыс бөлінбеген. Меншігімдегі учаскеге қатысты сұрағымды қойдым, тиісті шешімін табатынына сенімдімін. Қабылдауға қатысқан жауапты өкілдердің мәселені шешуге деген ниетін байқадым. Жер қатынастары басқармасының өкілдері де, қала әкімі де мәселеге тікелей қызығушылық танытып, мәнжайын анықтауға көңіл бөлді», – деді қала тұрғыны Мария Меркулова.

Оқи отырыңыз: Алматыда Майлин көшесінің бір бөлігінде жөндеуге байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі