Алматыда студенттерге арналған дағдарыс орталығында қандай қолдау көрсетіледі

20.08.2025 16:41

Студенттер үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалады

Алматыда қиын жағдайға тап болған студенттерге қолдау көрсетуге бағытталған тағы бір дағдарыс орталығы ашылды. Игі бастама Ғылым және жоғары білім министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа орталық 50 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Мұнда студенттер үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалып, қажетті әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

 «Бұл жерде студент айлап, жылдап тұра алмайды, өзінің мәселесі шешілгенге паналайды. Бірақ ағдарыс орталығында толыққанды керек заттардың бәрі қамтылған. Медициналық орталық, тамақ істейтін орын бар. Әр секцияда 3 не 2 адамнан ғана тұрады», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдерінің айтуынша, студенттер далада қалмайды. Жатақханадан орын жетпесе, университет басшылығы қонақ үй немесе хостелдермен келісімге келіп, білім алушыларды орналастыруы тиіс. Маңыздысы сол, онда тек студенттердің тұратынына көз жеткізу қажет.

«Студенттерді жатақханаға орналастыру ережесіне сәйкес бірінші кезекте университеттің жанындағы жатақханадағы орын әлеуметтік осал топтарға беріледі. Яғни жетім балалар, жаңағы көпбалалы немесе қандастар сияқты әртүрлі категорияға бөлінген. Содан кейін 1 курс студенттеріне беріледі, себебі үлкен қалаға жаңадан ауылдан келген жастар жатақханадан орын керек», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Орта Азиядағы білім беру хабына айналады