Олар күн сайын таңғы сегізден кешкі он бірге дейін жұмыс істейді
Алматыда 3 күннен кейін субұрқақтар іске қосылады. Яғни, шаһар көркі саналатын 55 кешен 1 мамырдан бастап қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, демалыс пен серуендеуге арналған орынға айналмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда биыл 55 коммуналдық субұрқақ іске қосылады. Олар күн сайын таңғы сегізден кешкі он бірге дейін жұмыс істейді. Ал ауа температурасы +5 градустан төмендесе, уақытша тоқтатылады. Бүгінде су айдындары тазартылып, жабдықтар жөнделіп, инженерлік жүйелер тексерілген.
Қалада жазғы маусымға дайындық наурыз айының соңында басталған. Жауаптылар субұрқақтардың айналасын тазартып, сырлау жұмыстарын жүргізген. Бүгінде қалалық әкімдік маңындағы 2 су кешені іске қосылған. Ал қалған субұрқақтар кезең-кезеңімен іске қосылмақ.
«1 мамырда 30 субұрқақ кешенін іске қосу жоспарлануда, ал қалған субұрқақтар одан кейінгі бір апта ішінде жұмысын бастайды. Қазір айналасын тазалау, толық дезинфекциялау сынды жұмыстар істеліп жатыр», – деді Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы Әкімшілік-қаржылық бөлімінің бас маманы Шыңғыс Бақытжан.
Тұрғындардың сөзінше, субұрқақтар – тек көрікті элемент емес, демалыс пен серуенге айналған орын. Тұрғындар әсіресе жазғы аптапта су маңында уақыт өткізуді жөн көреді. Қала халқы субұрқақтардың қайта іске қосылуын асыға күткенін айтады.
«Субұрқақ керемет, өте ұнайды. Бала-шағаммен біраз жерге барып көрдім. Ерекше бір сезім береді. Судың дауысы қаланың шуынан тыс тыныштық сыйлайды», – деді қала тұрғыны Лаура Туғанбаева.
«Қала көктем келгелі гүлденіп жатыр ғой. Субұрқақ та қосылса өте күшті болады деп ойлаймын. Жазда отбасылар қыдырады, қалаға көрік береді», – деді қала тұрғыны Алтынай Кеңесбекова.
Ал жаңғыртудан өтетін кешендер қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын Республика алаңы мен Ғабит Мүсірепов атындағы театр жанында орналасқан. Жөндеу жұмыстарын биыл үшінші тоқсанда аяқтау жоспарланып отыр.
Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Алматыда Розыбакиев көшесінің бір бөлігінде қозғалыс уақытша шектеледі