Алматыда «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының 13 жеңімпазы марапатталды

Оларға бір миллион теңгеден грант табысталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Білімін біліктілікпен ұштастырып, жаңашыл бастамаларымен ерекшеленген 13 жас талантқа бір миллион теңгеден грант табысталды. Биыл байқау ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, кәсіпкерлік және басқа да бағыттарды қамтыды. Үміткерлердің жобалары өзектілігі, қоғамға тигізер пайдасы мен жүзеге асыру мүмкіндігіне қарай сараланды.

Байқау жеңімпаздарының бірі – студент Ақбота Төкен. Ол мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиешілер мен мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған жобасын ұсынған. Бастама балалардың шығармашылық ойлауын, танымдық қабілеттері мен ұсақ моторикасын дамытуға арналған көрнекі құралдар әзірлеуді көздейді.

«Жобамның маңызы – балабақшалардағы және мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі тәрбиешілер мен мұғалімдердің жұмысын жеңілдету. Сонымен қатар қазіргі бүлдіршіндердің шығармашылық ойлауын, танымдық қабілеттерін және ұсақ моторикасын дамытуға арналған көрнекіліктер жасаймын», – деді студент Ақбота Төкен.

Биыл байқауға 250-ден астам өтінім түскен. Олардың басым бөлігі кәсіпкерлік, медиа және мәдениет салаларына тиесілі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ел тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген байқау жас буынның тың идеялары мен жаңашыл бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Бұл – жобаны жүзеге асыруға берілген бір миллион теңге. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жоба жеңімпаздарымен бір жыл бойы байланыста боламыз. Әр алты ай сайын есеп алып, кері байланыс орнатамыз. Жобалардың жоспарланған нәтижеге жеткеніне көз жеткіземіз», – деді Алматы студенттер альянсының төрағасы Айболат Сембиев.