Тәулік бойы қызмет көрсету жүйесі енгізілгелі келушілер саны 70 пайыз артқан
Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар желісі кеңейді. Бұған дейін қала бойынша үзіліссіз қызмет көрсеткен 3 оқу залы болса, ақпаннан бастап олардың саны 5-ке жетті. Сондай-ақ кітап қоры жаңартылып, ерекше қажеттілігі бар оқырмандарға мүмкіндік артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір мегаполисте 30 қалалық кітапхана бар. Соның бесеуі тәулік бойы ашық болады. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан жазушылары кітапханасы мен Розыбақиев көшесіндегі филиал да енді жаңа жұмыс режиміне көшті. Кітапхана өкілдерінің айтуынша, мұндай шешім оқырман сұранысының артуына байланысты қабылданған. Тәулік бойы қызмет көрсету жүйесі енгізілгелі келушілер саны 70 пайыз артқан.
«Түнде негізі оқушыларды қабылдамаймыз, тек студенттер келеді. Өздерінің оқу жұмыстарымен айналысады. Докторанттар, магистранттар жұмыстан кейін ,ылыми жұмысына ден қоя алады. Кешке келіп, газет-журнал оқитын ата-әжелер бар. Оқырмандардың тобына байланысты абонемент бөлімінде зейнеттегі адамдар, олар көркем әдебиетті, детектив, фантастика сұрауы мүмкін. Ал балалар көбіне комикс форматындағы эскиз-суреттері бар кітаптарды сұрайды», – деді Қазақстан жазушылары кітапханасының жетекшісі Мақпал Мұхаммедова.
Тәулік бойы жұмыс істеу тәртібі оқырмандар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Күндіз жұмысқа не оқуға баратын көпшіліктің кітапханаға келіп, жеткілікті ақпарат жинауы қиынға соғатын. Енді олардың кез келген уақытта білімін шыңдауына жағдай жасалды.
«Бұл – өте ыңғайлы формат. Жұмысымды сағат 18:00-де аяқтаймын. Содан кейін осында келіп, кітап оқи аламын. Мұндай мүмкіндік жасалғанына өте қуаныштымын», – деді қала тұрғыны Қаракөз Ыдырыс.
Бұдан бөлек, қаладағы он оқу залында көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған арнайы бұрыштар ашылған. Онда Брайль қарпі бар құрылғылармен, дыбыстық интерфейс арқылы ақпарат алуға болады. Бұл оқырмандарға кітапты өз бетінше, ыңғайлы форматта оқып, тыңдауына жол ашады.
«Брайль жүйесі шамамен 200 жыл бұрын ойлап табылған. Оқырман мәтінді саусақ ұшымен нүктелерді сезу арқылы оқиды. Әріптер алты нүктеден құралады. Олардың орналасуына қарай әртүрлі әріп пайда болады», – деді инклюзивті аймақ маманы Бағлан Әбдікәрім.
Сонымен қатар кітапханалық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін қаладағы сауда орталықтарында, мектептерде, коворкингтерде, коммуналдық орталықтарда және метро стансаларында 32 автономды кітап беру аппараты орнатылған. Оларды шамамен 300 тұрақты оқырман пайдаланады. Ай сайын осы нүктелер арқылы 500-ден астам кітап беріліп отыр.
Әйкерім Пернебек, Маржан Манапова, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматыда кадеттер арасында дзюдодан қала чемпионаты өтеді