Ұлттық банктің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, қазір елімізде бағалы металдың бір грамы 82 мың 164 теңге
Алтын бағасы аспандады. Ұлттық банктің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, қазір елімізде бағалы металдың бір грамы 82 мың 164 теңге. Ал жыл басында 71 мың 300 теңге болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алтын сатып, ісін өрге домалатқан саудагерлердің асығы алшысынан түсіп тұр. Әйгерім Батырханова 3 жылдан бері әшекей-бұйым кәсібімен нәпақасын тауып келеді. Оның айтуынша, түсті металл қымбаттаған сәтте оны сенімді актив ретінде сатып алып қоятындар саны да артады екен. Әлемдік қаржы нарығында тұрақсыздық байқалған жағдайда инвесторлар көбіне алтынды таңдайтын көрінеді.
«Алтынның 999 сынамасы рекорд орнатып, 93 мың 894 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл – әлемде, Қазақстанда болмаған жағдай. Дегенмен алтын алатындар бар. Қазақстан өндірушілерінің өнімін 55 мың теңгеден сатып жатырмыз. Сауда бар», – деді кәсіпкер Әйгерім Батырханова.
Саясаттанушы Руслан Ақмағанбетовтің сөзінше, алтын бағасының көтерілуі әлемдегі геосаяси факторларға тікелей байланысты. Ол «саяси және экономикалық шиеленістің өршуі сары металға сұраныстың артуына түрткі болады» дейді.
«Әлем бойынша доллардың бағасы құнсыздану процесін бастан өткізді. Дональд Трамп доллар тұрақты дегендей айтты, бірақ ең басты себеп доллар емес, ең басты себеп – әлемнің жалпы геосаяси тұрақсыздығы. Келесі жылдардан бастап халықаралық қатынастарда тұрақтылық, бір келісімдер немесе халықаралық құқық нормалары алға шығатын болса, онда алтынның бағасының қазіргі деңгейдегі өсуі тоқтауы мүмкін», – деді саясаттанушы Руслан Ақмағанбетов.
Ал қаржы сарапшысының айтуынша, бұл өзгеріс дәл осы металл түрін өндіруші ел ретінде Қазақстанға оң пайдасын тигізбек. Ал егер баға тұрақсыздығы жалғаса берсе, алтын инвесторлардың активі ретінде рөл атқаратын болады.
«Біз алтын өндіруші елдің топ ондығына кіреміз. 2025 жылы 71 тоннадан астам алтын өндірдік. Ол – өте жақсы көрсеткіш. Қазақстанда өндірілген алтын бірден Ұлттық банктің алтын валюта қорына кеп түседі. Сол арқылы алтынның әлемдегі кез келген өсімі валюта қорымызды арттырады. Алтын өскен сайын қордың көлемі арта бастайды. Сондықтан алтынның өскені макроэкономикалық тұрғыдан алғанда пайдасы бар», – деді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.
Сарапшылардың айтуынша, бағалы металл құны жылдың екінші жартысында тағы да өсуі ықтимал. Олар «алдағы уақытта алтынның бір унциясы 6 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін» деп топшылап отыр.
Айдана Шалқар, Жақсылық Тілепберген, Хангелді Ахметжан
Оқи отырыңыз: Алматыда тәулік бойы 5 кітапхана жұмыс істейді