Алматыда түнгі рейд: 23 мотоцикл мен мопед айыптұраққа қойылды

polisia.kz
polisia.kz

Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 544 дерегі анықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды түнгі рейдтік іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері мотокөлік құралдарына, оның ішінде мотоциклдер мен мопедтерге, сондай-ақ түнгі уақытта жиі жасалатын жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілеріне ерекше назар аударды.

Рейдке жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметінің, патрульдік полицияның және аудандық полиция басқармаларының қызметкерлерінен құралған 10 мобильді топ жұмылдырылды.

Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 544 дерегі анықталды. Оның ішінде көлік құралын мас күйінде басқарудың 18 фактісі тіркелді. Маневр жасау қағидаларын бұзған 46 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жол қозғалысына қауіп төндіретін жағдай жасаудың 7 дерегі анықталды.

Мотокөлік құралдарына да ерекше назар аударылды. 13 мопед пен 5 мотоцикл арнайы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Бұдан бөлек, көшелерден кикшеринг компанияларына тиесілі 58 электросамокат алынды.

- Жол қозғалысының қауіпсіздігі тәулік уақытына байланысты болмауы керек. Әсіресе түнгі уақытта кейбір жүргізушілер жылдамдықты асырып, қауіпті маневрлер жасап, көлікті мас күйінде басқарады немесе белгіленген талаптарды бұза отырып көлік құралдарын пайдаланады. Осыған байланысты түнгі уақытта бақылауды күшейттік.

Басты міндетіміз - жолдағы қауіпті әрекеттердің алдын алып, жол-көлік оқиғаларына жол бермеу, - деп атап өтті Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Полицияның мәліметінше, мұндай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Әсіресе тұрғындардан шағымдар түсетін орындарға және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқықбұзушылықтарға ерекше назар аударылады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан 2026 жылғы Азиадада нысана көздеуден үздік ондыққа енді