Алматыда әуежай қызметкерлері Ұлыстың ұлы күнін атап өтті

Ұлттық тағамдардың түр-түрі ұсынылып, тұрмыстық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда халықаралық әуежай қызметкерлері Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған думанға Түрксіб ауданының 100-ден астам тұрғыны жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мерекелік іс-шарада Азаматтық авиация академиясының студенттері ән шырқап, ұлттық биден шашу шашты. Артынша Алматы халықаралық әуежайының президенті құттықтау сөз сөйледі.

«Алматы әуежайының жұмысы қауырт екені баршаға мәлім. Сол себепті қызметкерлеріміздің басы қосылған сәтте Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өтуді жөн көрдік. Сол ниетпен ашық аспан астында киіз үй тігіп, Түрксіб ауданының тұрғындарына көңіл күй сыйлап жатырмыз. Наурызды ғана емес, қазақ халқының барлық айтулы мерекелерін назардан тыс қалдырмаймыз», деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Гокер Косе.

Айта кетейік, мерекелік іс-шара аясында халықаралық әуежайдың сегіз бөлімі сегіз ақ шаңқай киіз үй тігіп, өзара үздікті анықтады. Әрбір бөлім өздерінің үйін ерекше нақышпен безендіріп, қонақтарды ілтипатпен қарсы алды. Ұлттық тағамдардың түр-түрі ұсынылып, тұрмыстық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

«Ата-бабаларымыз «отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлаған» халықпыз ғой. Сол дәстүрді жалғастырып Авиациялық қауіпсіздік бөлімі киіз үйді тігіп, әртүрлі қазақтың тағамдарын пісіріп, ұлттық  киім кидік. Қазақылығымызды сақтап, салтымызды, дәстүрімізді дәріптеп жұрміз. Наурыз мейрамын тойлап жатырмыз», деді Авиациялық қауіпсіздік бөлімінің аға инспекторы Айбек Жаңабайұлы.

Оқи отырыңыз: Олжас Сүлейменов - 90: Алматыда ақын шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді

Новости партнеров