Алматыда ұлттық қолөнер мен мәдени мұраны дәріптейтін көрме өтті

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме-жәрмеңкеге қала тұрғындары мен туристерді қоса алғанда, 3 мыңнан астам адам келген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 60-тан астам шебердің басын қосқан қолөнершілер көрме-жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көпшілік назарына дәстүрлі және заманауи сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылды. Көрме мен сауда орындарына 700 шаршы метрден астам аумақ бөлінген. Іс-шара отандық қолөнершілерді қолдауға, ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге және шеберлердің халықаралық байланысын нығайтуға бағытталған.

«50-ден астам шебер қатысып жатыр. Екі күндік жәрмеңкеде әр қолөнерші бұйымдарын таныстырып, көрсетіп жатыр. Сол себептен осындай іс-шаралар маңызды деп ойлаймын», – деді ұйымдастырушы Дәулет Қырғызбаев

Жәрмеңкеге Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің өкілдері де шақырылған. Олардың қатысуы қазақстандық шеберлердің шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуына, туындыларын халықаралық деңгейде танытуына мүмкіндік берді. Екі күндік бағдарламада дәстүрлі қолөнер бойынша 10 тәжірибелік шеберлік сабағы, этноансамбльдің өнер көрсетуі және келушілерге арналған интерактивті іс-шаралар қарастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме-жәрмеңкеге қала тұрғындары мен туристерді қоса алғанда, 3 мыңнан астам адам келген.

Оқи отырыңыз: Алматыда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі кеңейтіледі