Алматыда «Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы» ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жастардың авиация саласын меңгеріп, оны дамытуына жағдай жасамақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы» ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жасанды интеллектіні дамыту, салаларды цифрландыру – бүгінгі күннің міндеті. Сол мақсат әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де орындалып жатыр. Жоғары оқу орнында жақында ғана ашылған инновациялық орталық – соның дәлелі. Заманауи зертхана жастардың авиация саласын меңгеріп, оны дамытуына жағдай жасайды. Нақтырақ айтқанда, студенттердің ұшқышты қажет етпейтін аппараттарды құрауына, сол дрондардың көмегімен ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп, қорғаныс саласын ілгерілетуіне мүмкіндік береді. 

«Жасанды интеллект, цифрландыру және ұшқышсыз аппараттарды игеру –қазіргі кезде мамандықты көп қажет ететін сала. Геодезия, картография, басқа да мәліметтерін суперкомпьютерда өңдеп, модель жасап, соның нәтижесін Алматы қаласына, басқа өңірлерге ұсынуға болады», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов.

Орталық еліміздегі авиация саласын әлемдік деңгейге шығаруға ықпал етеді. Сонымен қатар жас мамандардың халықаралық мекемелер қоятын талаптарды меңгеріп алуына көмектеседі. Бастысы, зертханада жасалған қондырғылардың пайдасы мол болмақ. Дрондардың жинаған дерегін оңды пайдалану арқылы кез келген төтенше жағдайды болжауға да болады.

«Ауыл шаруашылығын автоматтық түрде және алдын алу, төтенше жағдайлар немесе саранча басқан кезде бақылауға, қандай бағыттарда алдын алу процестерімен айналысамыз. Оларды да мониторинг жасап, болжауға болады», – деді  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева.

Құрылғыларды халықаралық нарыққа шығару, инновациялық жобаларды қолдау әрі қаржыландыру – орталықтың негізгі міндеті.

Атап өткен жөн, бүгінде уиверситеттің 2 мың шаршы метр аумағы дрон құрастыру үшін беріліп отыр.

 Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Жергілікті бюджет есебінен зейнеткерлерге көрсетілетін қолдаудың қандай түрлері бар

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров