Алматыда жаңа су тазарту зауыты салынады

Жаңа кәсіпорын Алматының Индустриялық аймағында бой көтермек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Су ресурстарын тиімді пайдалану және халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – еліміздегі басты міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы да бұл мәселенің маңыздылығына халыққа арнаған Жолдауларында бірнеше мәрте тоқталған. Осы бағытта елімізде су тазарту саласы дамып, өндіріс көлемі артып келеді. Соның бір дәлелі – «Аквафор Профешнл» компаниясының Алматыда жаңа зауыт салу бастамасы. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға шамамен 6,5 миллиард теңге инвестиция құйылмақ. Жаңа кәсіпорында заманауи технологиялар енгізіліп, 300-ден астам жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Су тазартуға арналған сүзгілерімен танымал «Аквафор» компаниясы өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Қазір кәсіпорын жаңа технологияларды игеріп, өнім түрлерін көбейтуге басымдық беруде. Алдағы уақытта Алматыда заманауи зауыт салу жоспарланған. «Аквафор Профешнл Қазақстан» компаниясының басшылығы инвестициялық жобаны қала әкімімен өткен кездесуде таныстырған.

«Биыл құны 3 миллион доллар болатын алғашқы инвестициялық жобамызды жүзеге асырдық. Нәтижесінде сүзгілеу жүйелері мен тазартуға арналған химиялық реагенттерді өндірудің толық циклі іске қосылды. Қазір компаниямыз еліміздегі осы саланың жетекші кәсіпорындарының бірі саналады. Себебі өнімдеріміз Орталық Азия, Кавказ мемлекеттеріне және өзге де елдерге экспортталады», – деді «Аквафор Профешнл Қазақстан» ЖШС химиялық өндіріс басшысы Роман Губергриц.

Компанияның басты мақсаттарының бірі – суды үнемдеу және оны тиімді пайдалану. Осы бағытта кәсіпорын зауыттар мен фабрикаларға арналған арнайы қондырғылар шығарады. Олар өндірісте пайдаланылған суды тазартып, қайта қолдануға мүмкіндік береді.

«Біздің технологиялар суды қажетті деңгейде тазартуға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелер электр энергиясын 30 пайызға дейін үнемдеп, сарқынды су көлемін азайтады. Өнеркәсіп орындарына таза су қажет. Ал табиғи су көздерінде түрлі механикалық қоспалар кездеседі. Кейде судың тұздылығы мен кермектігі жоғары болып, микробтармен ластануы мүмкін. Сондықтан жобаларымызда ресурсты үнемдеуге бағытталған озық технологияларды қолданамыз», – деді «Аквафор Профешнл Қазақстан» ЖШС өңірлік даму жөніндегі басшысы Михаил Бабаев.

Жаңа кәсіпорын Алматының Индустриялық аймағында бой көтермек. Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 6,5 миллиард теңгені құрайды. Зауыт іске қосылған соң жылына 6 миллионнан астам өнім шығаруға қауқарлы болады. Сондай-ақ 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылысты 2027 жылдың үшінші тоқсанында бастап, кәсіпорынды 2028 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланған.

Мәди Мәлік, Аида Иманәлі, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы.