Алматыда жаңа учаскелік полиция пункті ашылды

polisia.kz
polisia.kz

Жоба аясында цифрлық технологияларды енгізуге ерекше мән берілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының Алатау ауданында Алматы қаласы полиция департаменті бастығының қатысуымен жаңа учаскелік полиция пунктінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Жаңа нысан "Ғажайып" шағынауданындағы ірі тұрғын үй алабының орталық бөлігінде орналасқан. Жоба тұрғындар үшін полиция қызметінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Учаскелік полиция пункті қажетті жиһаздармен, заманауи техникамен және материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Бұл полиция қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне әрі азаматтарды сапалы қабылдауына мүмкіндік береді.

Жоба аясында цифрлық технологияларды енгізуге ерекше мән берілген. Атап айтқанда, учаскелік полиция пунктінің қызметі тұрғын үй алабындағы бейнебақылау жүйесімен біріктірілді.

Қазіргі уақытта пунктке жалпы саны 1 мың 124 бейнекамера қосылған. Аталған жоба тұрғын сектордағы жедел жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп деңгейін арттыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға жедел ден қою уақытын қысқартуға бағытталған.

Сонымен қатар мұндай заманауи шешімдер учаскелік инспекторлардың профилактикалық жұмысын күшейтіп, полиция мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға және азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Жобада тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесіне де басымдық берілген. Яғни полиция халыққа барынша жақын орналасып, кез келген өтінішке жедел әрекет ету мүмкіндігіне ие болады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тұрғын үй алабы толық пайдалануға берілгеннен кейін мұнда шамамен 10 мыңға жуық адам тұратын болады.

- Тұрғын үй алабының дәл ортасында учаскелік полиция пунктінің ашылуы – "қолжетімді полиция" қағидатын іске асырудағы маңызды қадам. Біз полиция қызметкерлері халыққа барынша жақын болып, азаматтардың кез келген өтінішіне жедел жауап бере алатын жүйені кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз. Бейнебақылау жүйесінің интеграциясы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік деңгейін арттырып, профилактикалық жұмыстың тиімділігін күшейтеді. Басты мақсатымыз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту және қала тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, - деді Алматы қаласы ПД бастығы Айдын Қабдулдинов.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде музыкалық-драма театрының құрылысына 8 млрд теңге бөлінді

Новости партнеров