Алматыда жерлеу орындарының электронды базасы іске қосылды

03.03.2026 19:46

Платформаға 120 мың бос жерлеу орны енгізілген

Алматыда жерлеу орындарының электронды базасы іске қосылды. Бұл – Қазақстанда алғаш рет жүйелендірілген цифрлық сервис. Платформаға 120 мың бос жерлеу орны енгізілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл цифрлық платформа арқылы бос учаскелерді көріп, жерлеу орындарын іздеп, рәсімдеуге болады. Электронды базаның негізгі артықшылығы - уақытты үнемді пайдалану. Жаңа жоба қала әкімдігінің мұрындық болуымен мегаполистің цифрлық экожүйесін дамыту мақсатында жүзеге асырылған.

«Жобаны былтыр қыркүйек айынан бастап жасай бастадық. Цифрлық жобаларға көп көңіл бөлініп жатыр. Өтінім беру арқылы халық алдағы уақытта жұмысын жеңілдететін болады. 97 пайыз мемлекеттік қызмет электронды түрде беріледі. Сондықтан цифрлық әлеуетті дамыту үшін алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасай береміз», – деді платформаны әзірлеуші компанияның өкілі Маңғыстау Кузенбай.¤

Цифрлық базаға мегаполис төңірегіндегі қолданыстағы 8 мазар енгізілген. Мәселен, қатарда Айнабұлақ, Әлмерек, Боралдай, Кеңсай, Көлсай, Алатау, Батыс және Солтүстік бейіттері бар. Мамандардың сөзінше, Алматыда күніне шамамен 35 жерлеу рәсімі өтеді. Ал жүйедегі орындар алдағы 7-8 жылға жетеді.

«Әрбір жерлеу орны нақты геолокацияға байланыстырылған. Жалпы саны шамамен 120 мың бос орынды жүйеге енгіздік. Бұл жүйе қаладағы зираттардың қаншалықты жылдам толып жатқанын болжауға көмектеседі. Цифрландыру арқылы бос орындардың толу динамикасын, нақты статистиканы көре аламыз. Бұл мемлекетке де, тұрғындарға да алдағы уақытта жаңа жерлеу орындарын ашуға алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді», – деді Платформаны әзірлеуші компанияның директоры Нариман Құлғарин.

Қазірдің өзінде екі мыңнан аса тұрғын жаңа сайттың қызметіне жүгініпті. Одан бөлек, жүйеге арнайы онлайн-кеңесшілер сайланған. Қызметкерлер зираттарды рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет екені жөнінде толық ақпарат беріп отырады.

Айдана Шалқар, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Елімізде ақылы жолдардың тізімі жарияланды