Алматыда жүрек қантамырларына алғаш рет пышақсыз ота жасалды

Жаңа әдіс арқылы тамырға түтікше кіргізіп тарылған жерін кеңейтеді, бітелген жерін тазартады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының кардиологиялық орталығында жүрек қантамырларына алғаш рет пышақсыз ота жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауру айтып келмейді. 68 жастағы қала тұрғыны Сейілхан Әлімбекованың денсаулығы 2 жыл бұрын сыр бере бастаған. Талай аурухананың табалдырығын тоздырған науқасқа артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы және созылмалы жетіспеушілігі, сондай-ақ жүрек қақпақшасының ақауы секілді бірнеше диагноз қойылған.

"Үш ай бұрын тексерілген, онда жүректің үш тамырында да өзгеріс бары анықталған. Жүректе 3 тамыр болса, соның екеуі 100 пайызға жабылған. Үшіншісінде 85 пайызға тарылған жері болды. Бұл науқасқа ашық ота жасау ұсынылды", – деді қалалық кардиология орталығының рентгенохирургия бөлімінің меңгерушісі Оразбек Сахов.

Жаңа әдістің дәстүрлі отадан артықшылығы кеудеге пышақ тимейді. Яғни, тамырға түтікше кіргізу арқылы тарылған жерін кеңейтеді, бітелген жерін тазартады. Ал дәрігер жұмысын мониторға қарап бақылайды. Соның арқасында науқас тез қалпына келеді әрі ауырсынуды қатты сезбейді.

" 2020 жылы еуропалық кардиологтар ассоциясы бұл тәсілді жүрек жетіспеушілігін емдеудің ең тиімді тәсілі деп тапты. Бүгінгі жұмысымыз сәтті шықты деп есептейміз. Бір адамның болсын өмірін құттқарып қала алсақ,  үлкен жетістік", – деді қалалық кардиология орталығының директоры Роза Қуанышбекова.

"Бірінші қарашада жасады. Қазір жағдайым жаман емес, жүріп кеттім. Дәрігерлерге ризамын. Бұрын жүре алмайтынмын. Қабырғаны жағалап, дәретханаға баратынмын. Қазір жағдайым жақсарды", – деді науқас Сейілхан Әлімбекова.

Алматы қалалық кардиология орталығында жылына 500-ге жуық операция жасалады. Ал пышақсыз ота алғаш рет жасалды

Гүлай Әшекова, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Кәсіби отбасы институты: бала асырап алу үшін қандай тәртіп енгізіледі

Новости партнеров