Алматыда жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа шаралар қолға алынды

Бүгінде қалада 703 мыңнан астам автокөлік есепте тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биылғы алғашқы алты айда 3,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Полиция департаментінің мәліметінше, бүгінде қалада 703 мыңнан астам автокөлік есепте тұр. Бұдан бөлек, күн сайын мегаполиске сырттан шамамен 230 мың көлік кіріп-шығады. Соның салдарынан көлік ағыны ғана емес, жол қозғалысы ережесін бұзу деректері де көбейіп келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жыл басынан бері Алматыда жол қозғалысы ережесін бұзудың 1,6 миллионнан астам дерегі анықталған. Оның ішінде мас күйінде көлік басқарудың 1300-ден астам фактісі тіркелген. Сот шешімімен 1700-ден астам жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылса, тағы 1200-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Жол-көлік оқиғаларына көбіне қарсы бағытқа шығу, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, апатты жағдай туғызу және маневр жасау талаптарын бұзу себеп болады. Осындай құқықбұзушылықтар жолдағы қауіпсіздікке кері әсерін тигізеді», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сонымен қатар соңғы алты айда Алматыда электрлі самокаттардың қатысуымен 83 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 89 адам түрлі жарақат алған. Осыған байланысты 1 шілдеден бастап электрлі самокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді.

Жаңа ережеге сәйкес, жалға берілетін электрлі самокаттарды тек 18 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана пайдалана алады. Сонымен қатар барлық құрылғы арнайы есепке қойылып, жеке сәйкестендіру нөмірімен белгіленеді.

«25 тамыздан бастап электрлі самокатпен жаяу жүргіншілер жолы мен тротуарда жүруге тыйым салынады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға жалға берілетін самокаттарды пайдалануға рұқсат етілмейді. Қазір 25 тамызға дейін өтпелі кезең қарастырылған. Сондықтан азаматтар жаңа талаптарға алдын ала бейімделуі қажет», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Оқи отырыңыз: Алматы полициясы алаяқтық пен ұрлықтың алдын алу шараларын күшейтті