"Алматы су" кәсіпорны шаһардағы 2 мың шақырымнан аса кәріз желісіне жауапты
Алматыдағы кәріз желілерінің жағдайы мамандарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
"Алматы су" кәсіпорны шаһардағы 2 мың шақырымнан аса кәріз желісіне жауапты. Мұндағы мамандардың айтуынша, соңғы жылдары құбырлар жиі бітелетін болған. Себебі азаматтар кәріз жүйесіне жеке гигиеналық заттарын, құрылыс қалдықтарын, пластикалық бөтелкелерді тастап, судың қалыпты ағуына кедергі келтіреді.
"Тұрғындардың өзінде көбінесе сыртқа шығаруға еріне ме, қалдықты көп тастайды. Күндіз тазалап кеткен жерде тұрғындар 1-2 сағаттан кейін "су тасып жатыр" деп хабарласады", – деді "Алматы су" МКК инженері Бақыт Әбілдаев.
Алматыда 77 мыңнан аса кәріз құдығы бар. Жүйенің ақаусыз жұмыс істеуіне 5 аудандық пайдалану учаскелері, оның ішінде 28 авариялық бригадалық топ және 700-ден астам жұмысшы жауапты. Кәріз құбырларының жиі бітелуі құбырларға түсетін жүктемені арттырып, жөндеуге кететін қаржылық шығындарды да арттырады. Мұндай салғырттықтан қоршаған орта да зардап шегеді.
"Кәріз жүйелері болған соң газ көп жиналып қалады. Сондықтан сақтанып, адам өміріне қауіп төнбеу үшін алдын-ала тексеріп алып, тазалауға кірісеміз. Тұрмыстық қалдықтар тұрып қалады", – деді "Алматы су" МКК апаттық бригадасының бригадирі Әлібек Дөкеев.
Қоммуналдық кәсіпорын қызметкерлері инженерлік желілердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Мамандар кәріз жүйесі тек тұрмыстық сарқынды суларды шығаруға арналғанын еске салып, азаматтардың бұған үлкен жауапкершілікпен қарауын сұрайды.
Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Сөйлесу үшін қырға шығамыз:Түркістан облысындағы ауылды интернетпен қамтуға не кедергі