Төлеби ауданына қарасты Шахта Тоғыс елдімекенінде байланыс жоқ
Түркістан облысында бір ауылдың тұрғындары интернетке қол жеткізе алмай келеді. Төлеби ауданына қарасты Шахта Тоғыс елдімекенінде байланыс жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұндағы ағайынның өркениеттен ада қалып, елден ерек әрі бөлек ғұмыр кешуіне сан жылдың жүзі болған. Төлеби ауданындағы Шахта Тоғыс елдімекенінде байланыс жоқ. Жұрт алыс-жақындағы туыстың нөмірін телефонға термейді, хәл сұрасып, жағдай біліспейді. Анығы, білісе алмайды. Ал ауырып, адамнан маза қашса, жедел жәрдем шақырудың өзі мұң.
"Былтыр өрт сөндірушілерді да шақыра алмадық. Ағайынның шөбі, сарайы өртенді. Жедел жәрдемді шақырту үшін жарты сағат жол жүруіміз керек. Бір антеннаны әкімшілік пе, білмеймін, қойған. Жарты жыл істеген жоқ. Жинап алды да, алып кетіп қалды", – деді ауыл тұрғыны Долан Сартаев.
Тұрғындардың айтуынша, ұялы байланыстың болмауы көбінде цифрлық қызметтерді алуға, банк қызметін пайдалануға кедергі. Елдімекен жұрты аудан орталығынан 4-5 шақырым жерде орналасқандарына сеніп, бұған дейін интернет желісін тартып көрген. Бірақ оның өзінен нәтиже болмапты.
"Ауылдан осы интернетке бола қырға шығу үшін кейде 2-3 бала болып келеміз. Кейде апайлармен бірге келеміз. Қиын, 2 шақырым жол жүру керек", – деді оқушы Тимуджин Сартаев.
Байланыстың болмауына биліктегілер ауылдың түзеу мекемесіне тым жақын орналасуы себеп дейді. Бірақ бұл сөзге тұрғындар сенбейді. Дейтұрғанмен, жауаптылар байланыс компаниясына хабарласып, мәселені жуық арада шешеміз деп отыр.
"Шахта Тоғыс елдімекенін барып көрдіңіздер ғой, ол сайда орналасқан. Ал базалық станция елдімекенге кірмей жатып, оң жағындағы қырда орналасқан. Қырдың сол жағына қарай орналастырады, сол кезде елдімекенге жақындайды. Жылдың соңына дейін ауыстырамыз деген уәдесі бар", – деді Ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Бейбіт Төлешов.
Амалы таусылған ағайын атқамінерлердің айтарын жаттап алған. Бірақ көпшілік бұл жолғы уәдеден де күдер үзбейді. Жауаптылар жауабының жайын естіген соң, мәселенің мәніне тереңірек үңіліп көрдік. Сөйтсек базалық станса орнатуға түзеу мекемесі келіспей жатқан көрінеді. Оған себеп – интернет алаяқтықтың артуы. Сондықтан, күрмеуі қиын мәселе әкімдік айтқан уақытта шешілмейтін сыңайлы.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда қай автобустың жол жүру уақыты қысқарады