Алматыдағы колледж студенттерінің 58 пайызы тегін оқиды

Бөлім басшысының ақпарынша, 110 студент Қытайда, тағы 16 студент Германияның кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы колледж студенттерінің 58 пайызы тегін оқиды. Бұл туралы қалалық білім басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бюджеті 53,3 млрд теңгені құрапты. Былтыр мемлекеттік тапсырыс бойынша 17 мың 491 студент қабылданып, 2024 жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш көрсеткен. Одан бөлек, колледж инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Былтыр мемлекеттік білім беру мекемелерін жөндеу және жабдықтауға жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, оқу корпустары, шеберханалар мен зертханалар заман талабына сай біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Цифрлық әлеуетті арттыру ісіне де айрықша мән берілген

«Тиісті секциялар іске қосылып, заманауи IT платформалар оқу және жобалық қызметке интеграцияланды. Студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту және ерте кәсіби бағдар беру мақсатында тәжірибеге бағытталған бағдарламалар мен шеберлік сағаттары енгізілді. Сондай-ақ IT бағыты бойынша кадр даярлайтын колледждерде жасанды интеллект зертханаларын ашу жоспарда бар», – деді Білім басқармасының бөлім басшысы Ерік Әбішаев.

Бөлім басшысының ақпарынша, шетелдік серіктестермен ынтымақтастық аясында Алматының алты колледжінен 110 студент Қытайда, тағы 16 студент Германияның кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өткен. Қазір 22 мыңнан астам студент Алматыда дуальды оқыту жүйесі бойынша, яғни, өндіріс орнында кәсіби білім алып жатыр. Бұл модельді іске асыру мақсатында 71 мамандық бойынша 770 кәсіпорынмен келісімшарт жасалған.

 «Алматыда 18 құзыреттік орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтар студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға және өндірісті талаптарға бейімдеуге мүмкіндік береді. Қалада WorldSkills қозғалысы аясында өңірлік және іріктеу чемпионаттары жүйелі түрде өткізіледі. Аталған чемпионаттар студенттерге кәсіби шеберлігін тәжірибеде көрсетуге, халықаралық стандартпен жұмыс істеуге, өз құзыретін салыстыруға және жұмыс берушілер бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеуге мүмкіндік береді», – деді Білім басқармасының бөлім басшысы Ерік Әбішаев.

Оқи отырыңыз: Халықаралық еріктілер жылы: Алматыда еріктілерді цифрлық есепке алу ісі қолға алынады

Новости партнеров