Отбасы күніне орай ұйымдастырылған іс-шара аясында 60-тан астам жанұя орталықтың қызметіне жүгініп, әлеуметтік көмек пен кеңес ала алды
Тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру мен жұмысқа орналасу. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау білдіру мақсатында Алматыдағы Отбасыны қолдау орталығында ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бастамаға қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мұрындық болды. Отбасы күніне орай ұйымдастырылған іс-шара аясында 60-тан астам жанұя орталықтың қызметіне жүгініп, әлеуметтік көмек пен кеңес ала алды.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек беруді мақсат еткен орталық оннан астам бағыт бойынша қызмет көрсетеді.
Атап айтқанда, тұрғын үй, медицина, психология, білім, құқықтық кеңес пен жұмыспен қамту. Сонымен қатар тұрақты түрде тренингтер, семинарлар мен шеберлік сабақтары өткізіліп тұрады.
«Орталық тек кеңес беріп қана қоймай, жыл бойы отбасылармен байланыста болып, олардың қиын жағдайдан шығуына көмектеседі. Барлық мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істейміз. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру салалары және полиция департаменті бар. Біз отбасындағы мәселелерге кешенді түрде қараймыз», – деді отбасыны қолдау орталығының директоры Сана Жандай.
Ашық есік күніне келген азаматтардың көбі баспана мәселесіне қатысты кеңес алды. Арнайы шақыртылған «Отбасы банкінің» өкілдері оларға тұрғын үй алу жолын түсіндіріп, мемлекеттік бағдарламалармен таныстырды.
«Баспана мәселесі бойынша 15-20 адам келді. Үй кезегіне қалай тұру керек? Баспаналы қалай болуға болады? Осындай сұрақтарға жауап бердік. Қажетті ақпаратын алды, бірнеше адам депозит ашып, алғашқы жарнасын салуға әрекет жасай бастады. Ашық есік күндері жиі ұйымдастырылып тұрса, адамдарға қажетті ақпаратты түсіндіреміз», – деді «Отбасы банкі» АҚ қызметкері Ринат Жанпозов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және отбасылық институтты нығайтуға бағытталған. Орталық кездесуді алдағы уақытта тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Аяулым Жұмабек, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Ақтаулықтар мектеп пен балалар алаңының арасындағы жүк көліктерінің тұрағы қауіпті екенін айтты