Алматыда Республика алаңын жаңғырту жұмыстары аяқталды

Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындар үшін заманауи, қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Республика алаңын қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жұмыс сапары барысында шаһар басшысына қаланың басты қоғамдық кеңістіктерінің бірі – Республика алаңын көріктендіру қорытындысы таныстырылды. Сонымен қатар Сәтбаев көшесінің Байзақов көшесінен Луганский көшесіне дейінгі аралығын кешенді абаттандыру жобасының жүзеге асырылу барысы баяндалды.

Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындар үшін заманауи, қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру. Республика алаңында көріктендірілген аумақтың жалпы көлемі 4,5 гектарды құрайды. Мұнда қоғамдық кеңістіктің жабындары толық жаңартылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматты суару жүйесі қайта жаңғыртылды.

Құрылыс барысында пайдалану мерзімі 10 жылға дейін жететін төзімді материалдар қолданылған. Бұл алдағы уақытта аумақты күтіп-ұстау шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ алаңға 233 ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 17,7 мың көпжылдық өсімдік отырғызылды. Тұрғындардың жайлы демалысы үшін жаңа серуендеу жолдары, балалар ойын алаңы, демалыс аймақтары, екі амфитеатр, велосипед жолақтары, сәндік су айдындары мен жаңартылған субұрқақтар пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, аумаққа 129 заманауи жарық шамы орнатылды.

Айта кетейік, қазір Сәтбаев көшесінің бойындағы іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба толық аяқталғаннан кейін бұл жер демалуға және түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналады.

Оқи отырыңыз: Атырауда жаңа жағажайда абаттандыру жұмыстары жалғасады