Алматыдағы ЖЭО-1 автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қосылды

29.10.2024 21:19

Өндіріс ошағынан шығатын қалдықтардың көлемі есептеліп, бақылауға алынады

 Алматыдағы жылу электр орталықтарында автоматтандырылған мониторинг жүйесі сынақ режимінде жұмыс істей бастады.  Жаңашылдық өндірістің ауаға шығаратын зиянды қалдықтарын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкімет пен өнеркәсіп өз күш-жігерін энергия үнемдейтін және экологиялық таза технологияларды енгізуге жұмылдыруы тиіс екенін айтқан. Президент пәрменімен Алматыдағы ЖЭО-1 автоматтандырылған мониторинг жүйесі сынақ режимінде іске қосылды. Онда өндіріс ошағынан шығатын қалдықтардың көлемі есептеліп, бақылауға алынады.

"Бізде жылу электр орталығында 4 құбыр орнатылған. Бұл жерде барлық көрсеткіштер көрсетілген. Кетіп жатқан газдың қысымы, температурасы, одан кейін барлық компоненттерінің, көмірқышқыл газының қаншалықты мөлшерде шығатынын анықтай аламыз", – деді ЖЭО Өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Айбек Шаяхметов.

Сала мамандарының сөзінше, жүйе толығымен автоматтандырылған. Сондай-ақ деректер нақты уақыт режимінде бірден еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізіліп отырады.

Мұндай жаңа жүйе Батыс жылу кешеніндегі үш түтін құбырына да орнатылған. 2023 жылы қажет жабдықтары монтаждалып, ал биыл жылыту маусымы басталғалы құрылғы деректерді көрсетіп, сынақ режимінде жұмыс істей бастаған.

Қалалық экология департаменті өкілдерінің сөзінше, жаңа жүйе экологиялық кодекске сай орнатылып жатыр. Жауаптылар "заңнама талаптарының сақталуын қадағалау, оны реттеу – біздің міндет" дейді.

"Егер рұқсат етілген нормалардан ауытқыса,  мекеме тарапынан әкімшілік шаралар қолданамыз. Бұл жүйе 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастау керек болған, алайда бір себептерге байланысты кешіктіріліп жасалып жатыр. Мәселені Президент қатаң бақылап отыр. Осы жылдың аяғына дейін мекемелер орнатып болуы керек", – деді Экология департаментінің басшысы Данияр Әлімсейітов

Автоматтандырылған жүйенің негізгі жабдықтарын неміс компаниясы өндірген. Ал оны орнатып, құрылғыны іске қосқан мердігер компания 3 жыл кепілдік мерзімін берген. Мамандар "жылу кешеніндегі жұмысшыларға жаңа жүйені пайдалануды үйрету маңызды шаруа" дейді. Олар қауіпсіздікті сақтай отырып, қызметкерлерге құрылғының қыр-сырын түсіндіру жақын арада жүзеге асатынын айтты.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Елімізде жолаушылар вагондарының паркі жаңартылады